«Қадірің қандай, қазақ отбасы?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қадірің қандай, қазақ отбасы?» - БАҚ-қа шолу

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петерборда өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінің сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдерді қабылдау барысында дамушы елдердің ұстанымы іс жүзінде назарға алынбайтынын айта келіп, G-Global жобасына арнайы тоқталған еді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «G-Global - жаһандық үнқатысудың үстеме құралы» деген тақырыптағы мақаласында. «Қазақстан тәрізді елдердіңде пікірі еленуі үшін бұдан екі жыл бұрын менің тарапымнан G-Global жобасы бастама ретінде көтерілді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. - Ол G-8-ге және G-20-ға балама емес. Қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік алаң ретінде іске асырылып жатқан жаһандық үнқатысудың қосымша құралы ғана».

2013 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер тізіміне енгізілді. Сондықтан үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша тағайындалған Отбасы күні Қазақстанда алғаш рет атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Алмас Құрмановтың мақаласы «Ана мен баланы қолдау - отбасына қамқорлықтың ең басты шарасы» деген тақырыппен берілген. «Қазақстанда негізі көпбалалы отбасылары болып табылатын отбасын нығайтуға, біздің қоғамымыздың бай дәстүрлерін сақтауға және көбейте түсуге ерекше назар аударылады. Осылайша, бала тәрбиелеудегі көпбалалы аналар рөлінің маңызын мойындау мақсатында 2010 жылдан бас­тап көпбалалы аналардың туған және тәрбиелеген балаларының саны азайтылды. Осылайша «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін 10-нан 7 балаға дейін, «Күміс алқа» үшін 8-ден 6 балаға дейін төмендетіліп, ай сайын әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 3,9-дан 6 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сол сияқты кәмелетке толмаған 4 және одан көп балалары бар отбасыларына 3,9 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған», - дейді мақала авторы.

***

«Енді коррупциялық қылмысқа қолын арамдаған немесе сыбайлас жемқорлыққа жол берген орталық және өңірлік деңгейлердегі шенеуніктер туралы ақпарат онлайн режимде «е-қызмет» жүйесіне түсетін болады. Осылайша, ел басшылығын уақытында хабарландырып отыру қызметі тіптен жақсара түспек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі эксперттік кеңес өзінің 10-отырысын өткізді. Жиында сарапшылар «е-қызмет» жүйесін құру жайында алқа құрып, ақылдасты», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның алға тартқан тағы бір қызықты дерегі: жаңа ықпалдасқан жүйеде мемлекеттік қызметшілердің жыл сайынғы табыс декларацияларында көрсетілетін табыстары ғана емес, сондай-ақ шығыстары да көрініс таппақ. Бұл үшін алда шенеуніктер үй-пәтер, көлік сынды қандай да бір ірі, құны қымбат нәрсе сатып алса, ол туралы кадрлық қызметке хабарлауға міндеттелетін көрінеді. Осы мақсатта елімізде мемқызметшілердің тек табыстарын ғана емес, сондай-ақ шығыстарын декларациялау ендіріледі. Оның үстіне бұл жүйе Қаржы министрлігінің, Салық комитетінің жүйелерімен тікелей ақпарат алмасып отырмақ. Мақала «А» тобындағылардың жалақысы жоғары» деген тақырыппен берілген.

Ертең елімізде алғаш рет «Отбасы күні» аталып өтіледі. «Отан - отбасынан басталады» дейтін қазақ әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналар ерекше қадірлі. Дәстүрлі қазақ отбасында баланың санын санамайды. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп ырзығын Тәңірден тілеген қазақтың бүгінгі көпбалалы аналарына қаншалықты қамқорлық көрсетіліп жатыр? Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Қадірің қандай, қазақ отбасы?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұл, бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы, жұмыс істейтін аналарға әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем, аз қамтылған отбасылардың балалары 18 жасқа толғанша төленетін көмек ақша, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы, «Алын алқа» және «Күміс алқа» иегелері алатын арнайы жәрдемақы - мемлекет бүгінде көпбалалы аналарды осылай қолдап отыр. Алайда бұл көмектің көлемі көпбалалы отбасының шай-пұлынан да артылмайды. Мәселен, аз қамтылған 4 және одан да көпбаласы бар отбасыларға айына 3,9 АЕК, яғни 6750 теңге төленсе, 6 баладан артық тапқан аналарға 10 мың теңгенің айналасындағы жәрдемақы беріледі. Оның үстіне көпбалалы отбасы аталған жәрдемақының біреуін ғана таңдай алады»,- деп жазады басылым.