Қадырбек РАМАЗАН, медицина ғылымының докторы, профессор: Жүрек аурулары жасарып барады....
ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар саны едәуір ұлғайып келеді. Оның ішінде Қазақстанда да бұл ауру кеңінен етек алып отырғаны да рас. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан Республикасындағы жүрек-қан тамыры ауруларының салдарынан болатын өлім көрсеткіші Еуропа елдеріне қарағанда 2 есеге артқан.
Мәселен, Еуропаның дамыған елдерінде 100 мың халыққа шаққандағы есеп бойынша 448 адамнан келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 867,9 адамды құрайды екен. Ал Германия, Ұлыбритания секілді елдерде кардиологиялық қызметке баса мән берудің арқасында соңғы уақыттары жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіші төмендеп отыр. Әлемдегі жағдайды ескере келе, ҚазАқпарат тілшісі осы саланың маманы Қадырбек Рамазанмен әңгімелескен еді.
- Профессор мырза, бүгінгі күні әлем елдері жүрек ауруларының кеңінен өршіп отырғанына алаңдаулы. Білікті маман ретінде осы ауру түрі бойынша әлемдегі қалыптасқан жағдайды қалай бағалар едіңіз?
- Расында да, соңғы жылдары қан айналымы жүйесі аурулары, оның ішінде жүрек қан-тамырлары ауруы әлемдік деңгейдегі эпидемия сипатына еніп келеді десек артық айтқандық болмас. Бүгінгі күні өлім-жітім бойынша жүргізілетін есепте жүрек-қан тамырлары аурулары алғашқы сатыға шықты. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылы жүрек-қан тамырлары ауруы әлем бойынша 17,5 млн. адамның өліміне тікелей себепші болыпты. Бұл - барлық өлім жағдайының 30 пайызы деген сөз. Негізінен, бұл ауру түрлерінің өршуі даму үстіндегі һәм дамыған елдерде өте шапшаң қарқын алып отырғаны байқалады. Яғни бұны көпшілік ғалымдар өркениет пен ірі қалалар ауруы, қызу қарбалас, қым-қуыт өмір ырғағымен жүріп, еңбек пен демалыс нормаларын сақтауды кейінгі орынға ысырып отыратын өмір салтымен байланысқан ауру деп санайды. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тағы бір зерттеулеріне қарағанда, 2020 жылға қарай даму жолындағы мемлекеттердегі халықтың жұқпалы емес ауру түрлерінен қайтыс болатындар көрсеткіші 70-80 пайызға жететіні болжанады. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Ал соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруы 1-орынға шығатынына және назар аударылады. Егер кез келген азаматтың санасына осы аурудың салдарын түсіндіре алсақ, онда осындай жұқпалы емес бола тұра, жұртшылықтың арасында кеңінен етек алған эпидемияның алдын алар едік. Ал бүгінгі деректер керісінше өсу үстінде екендігін, оның мемлекет үшін экономикалық салдарын әркім жете түсінген ләзім.
- Ал Қазақстандағы жүрек ауруларына қатысты жағдай туралы не айтасыз?
- Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі жүрек-қан тамырлары ауруларының деңгейі аса алаңдатарлық жағдайда. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан, жоғары қан қысымы секілді аурудан о дүниелік болатындар саны да жыл сайын артып барады. Қазір еліміздегі аурудың басымы жоғары қан қысымынан болып табылады. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге көз жүгіртсек, соңғы 20 жылда Қазақстандағы жүрек-қан тамырлары аурулары 10 есеге, ал осының салдарынан туындайтын өлім 2 есеге артқан. Яғни, елімізде салыстырмалы түрде алғанда жүрек-қан тамырлары сырқаты өршіп тұр. Газеттерде жарияланған және бір деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың бес айының ішінде 65,5 мың адам қайтыс болса, соның 43 пайызын жүрек-қан тамырлары аурулары құрап отыр. Бұл Қазақстандағы жағдайдың тым мүшкіл екенін тағы айғақтайды. Тағы алаңдайтын мәселе, бұндай аурулар бұрынғы тәжірибеде тек ересек адамдарға тән болса, қазір науқастар қатары жасарып барады. Мәселен, менің кардиология саласында жұмыс істегеніме 20 жылдан асыпты. Осы 20 жылдық кезеңде, шынымен де, жүрегі ауыратын науқастардың жасарып бара жатқанын байқаймыз. Бұрындары жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болушы еді. Бірен-саран жастардың ауруын негізінен тікелей жүрекке байланыстырып қарамайтын едік. Қазіргі тәжірибемде жастардың осы ауруға шалдығуы таңғалдырмайтын болды. Оның ішінде де бұрын жүрек-қан тамырларының қатаюы, жүректің өліеттенуі тек ересек адамдарда болып, тіпті бұл дерт алдымен жүректің шаншуы арқылы байқалатын. Ал қазіргі жастар көп жағдайда бірден инфаркт алып, ауруханаға түседі немесе инфарктыдан кейін ауруханаға жетпеген күйі бірден о дүниеге өтіп кеткендері де кездесіп жатыр. Яғни, бұрынғы кездері жүрек аурулары клиникалық байқалып, тұрақты стенокардия, тұрақсыз стенокардия деп бөлінуші еді. Қазір жап-жас жігіттердің өзі бірден инфаркт болып жатыр. Бұл - еліміздің медицина саласындағы ең үлкен күрделі мәселе.
Жүрек ауруларымен қоса, жастайынан қан қысымы ауруына шалдығатын адамдар саны да көбейіп отыр. Міне, соның салдарынан азаматтардың негізгі ағза жүйесіндегі қан тамырларының ішкі кілегей пердесі зақымданып артерияның қоймалжыңданып, қатаюын арттырып отырады. Сөйтіп, жүрек бұлшық етінің өліеттенуін, жүрек шаншуын, ми қан тамырлары тосылуын тудырып, бүйрек артериясының тарылуы арқылы жоғары қан қысымы ауруы пайда болып жатыр.
- Келеңсіз көрсеткіштердің елімізде белең алып, жүрек ауруының жұрт арасында өршуін немен түсіндіресіз?
- Меніңше, бұл аурудың өршіуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Оның ішінде, тұтастай елдің дамуы бағытында орын алған өзгерістер де адамның жанына да, тәніне де өзгерістер енгізері хақ. Мәселен, кеңестік империя құлағалы халық көптеген ауыспалы кезеңдерді бастан өткерді. Содан бергі уақытта жаңашыл дүниелер топ-тобымен өмірге еніп жатыр. Осының бәрі адам ағзасына, оның ішінде жүрекке қатты әсер етеді. Стресті жағдайлар қазір қоғамда жиі орын алады. Екінші жағынан тұрмысы жақсара бастаған әрі өтпелі кезеңді бастан өткерген халық көбінесе өзінің тұрмыс салтын бұзып, өзгертіп алады. Сондықтан да, жүрек ауруларының өршуін бір жағынан ғылым жолымен ілесіп келіп, жұртшылықтың кең «тұтынуына» сіңіп барады десе болады. Өйткені бүгінгі күні заман дамуына сай көптеген тұрмыстық мәселелер автоматты басқаруға ұласып, адамның «өмірін жеңілдетіп» жатқан жайы бар. Яғни, кейбіреулер тұрмысы жақсарған сайын қимыл-қозғалысты шектеп келеді. Жұртшылық арасында маңдайының терін сылып, дене еңбегін барынша сарпып, содан рахаттанып күн кешетіндер қатары күн сайын азайып бара жатыр. Оза дамыған елдердің өзі осыған үлкен мән беріп, бұқараның бұлайша берекетсіз өмір сүруіне жол бермей қыруар қаражат жұмсап, жұрттың жаппай спортқа жүгінуіне жағдай жасап жатқаны сондықтан. Ал бізде қазір ауқатты жұрттың басым бөлігі дене еңбегімен айналысудан қалды. Үнемі көлікпен жүреді, қызметінде күні бойы отырыс, үйінде бәрі автоматты басқарылады, одан қалса, үй жұмысына да араласпай, күтуші жалдайды. Спортқа кейбірінің уақыты болмаса, бірсыпырасының зауқы жоқ. Ал орташа табыстылардың күнкөріс салты қым-қуыт. Әйтсе де, олардың басым бөлігінің жұмысы да күндіз-түні отырыста өтеді. Демалыс күндерін, бос уақытын, негізінен, қосымша табысқа жұмсағанды пайдалы санайды. Сол екі арадағылардың да, ауқаты одан төменгілердің де көңіл күйі шаршаңқы, басыңқы. Осындай жолмен жіктей отырсақ, жүрек ауруының өршу салдарын көруге болатын еді.
- Бұдан басқа да факторлар бар шығар? Соларға тоқталсаңыз?
- Әрине, бұдан да басқа факторлар жеткілікті. Соның бірі қазақ халқы негізінен қуатты, нәрлі тағамдарды тұтынады. Қазір қай үйге барсаңыз да, алдыңыздан бір табақ ет шығады. Етсіз, құр шөп-шаламмен, жеңіл-желпі тамақтанғанды қазақ еш жаратпайды. Еттен бөлек пайдаланатын тағамдарымыздың бәрі құнарлы. Оның ішінде май да, айран да, нан да құнары жағынан, сіңімділігі жағынан адамнан көп қимылды талап ететіні және белгілі. Әрине, бұдан «ет жемеу керек» деген қорытынды шығарып та жарытпаймыз. Ең бастысы, жеген тағамының құнарын бойынан дене еңбегі, қимыл-қозғалыс арқылы шығара білу. Әйтпесе біз түскі аста да, кешкі мәзірде де етті тамақты қорек қылып, оның дұрыс қорытылмай тұтастай бойға таралуына жағдай туғызамыз. Екінші жағынан адамның көңіл күйіне экология, қоршаған ортаның жағдайы да қатты әсер ететіні анық. Бұл да жүрекке артық салмақ.
- Жүрек ауруының алдын алу үшін не істеу керек?
- Егер жүйелі түрде аурудың алдын алу шараларын ғылыми ұштастырып, жүзеге асыра білсек, қан тамырлары ауруларынан болатын қауіп-қатерді едәуір азайтуға немесе алдын алуға болатын еді. Зерттеулерге сүйенсек, ми қан тамырлары ауруларын 40-50 пайыз, жүрек тәж артериясы қатаюын - 15-20 пайыз, бүйрек қызметінің әлсіреуін 50-60 пайызға дейін төмендетуге болады. Сонымен қатар жоғары қан қысымын жүйелі түрде емдегенде, бұны тұрақты күйге тежеуге болатыны да айқын. Бұдан бөлек, жоғары қан қысымы ауруларының 5-10 пайызының белгілі бір себептері бар симптоматикалық артериалды гипертензия болса, оны да емдеп жазуға болады.
Осы тұрғыда жүрек дертіне шалдықпас үшін тоғыз түрлі факторлардан арылуды алға тартуға болады. Біріншіден, құрсақ салып семірмеу, яғни дене салмағын қалыпты ұстау керек. Екіншіден, темекі мен арақтан бас тарту. Темекі - жүрек-қан тамыры ауруының пайда болуын 3-4 есеге арттыратын фактор. Яғни жүрек кеселіне - көбіне-көп темекі себеп. Темекінің түтіні өкпеден шығып, шайыры қан тамырының эластикасын жояды. Сөйтіп, тамыр бітеледі. Есесіне шылымқор азамат жүрек ауруын тауып алады. Сондай-ақ темекі өкпе-рак ауруларының тууына себепші болады. Үшіншіден - ас тұзын шектен артық тұтынбау. Төртіншіден - үнемі дене шынықтырумен шұғылданып тұру. Мұнда әр аптада кем дегенде бес рет әрекеттеніп жүру және әрбір жүрістің жарты сағаттан артық болуын қадағалау қажет. Адам күніне шамамен 3 шақырымнан артық жол жүргені абзал. Дегенмен, әрбір адам өзінің нақтылы шамасы мен жағдайына сай қимыл жасау керек. Бесінші - қандағы май құрамын тұрақты ұстау қажет. Алтыншы - қан қысымын да тұрақты ұстау керек. Жетінші - үйлесімді азықтану. Жоғары қуатты азықтарға қарағанда көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек тұтынған абзалырақ. Сегізінші - көңіл-күйді кең ұстап, рухани, экономикалық, отбасылық күйзелістен арылуға тырысып, демалыс уақытына көңіл бөліп, кең пейілді, сабырлы болу қажет. Тоғызыншы - дәрігерге уақытында барып, кеңес алып тұру. Әдетте біздің азаматтар көбінесе ауырмайтын жол іздегеннен гөрі, ауырып барып ем іздеп жататыны рас. Бұл дұрыс емес. Ал ауырмаудың жолын іздеу - бір науқастың ғана емес, әрбір азаматтың һәм тұтастай мемлекет пен оның органдарының және бүкіл қоғамның жұмысы. Соған орай, жалпы халықтың медициналық танымын жетілдіріп, бұқаралық спортқа жұртты кеңінен тарта білу керек. Сонда барып, адам саулығы жақсарады. Жүректің жұмысы да қалпында болады. Ең бастысы әрбір азамат аурудың алдын алуы өз қолында екенін жете түсінгені ләзім. Ал мемлекеттік билік соған барынша жағдай жасаса болғаны.
- Әңгімеңізге рахмет!