Қадырдың жазған өлеңдерінің ішінде әлі жарық көрмегендері көп - Оразақын Асқар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай «Халқымыздың жыр дүлділі» атты музыкалық-жыр кеші өтті. Оған Қадыр ағаның үзеңгілес достары, басқа да ақын-жазушылар қатысты.

Қадырдың жазған өлеңдерінің ішінде әлі жарық көрмегендері көп - Оразақын Асқар

«Қадыр менің қаламдас құрдасым еді. Ол: «Мен туралы жазсын» - деп мені артына қалдырып кеткен сияқты. Қадырдың әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол ең алдымен балалар туралы жазды. Ал балалар туралы жазу өте қиын! Қадыр бұл сыннан сүрінбей өтті. Кейін әдебиеттің барлық саласында қалам тербеді. Көзі тірісінде 18 томы жарық көрді. Бірақ, Қадырдың жазған дүниелерінің әлі жарық көрмей жатқандары қаншама! Ол кем дегенде 40 томнан асуы мүмкін. Өйткені, Қадыр «Менің аудармаларымның өзі 20 том болады» - дейтін. Шынында солай еді. Ол талай елдің ақындарын қазақша жырлатты. Егер Қадырдың жазған шығармаларын басқа тілдерге аударар болса, ол дүниежүзілік дәрежедегі ақын болары ақиқат», - деді белгілі ақын Оразақын Асқар.

Қадыр Мырза Әлінің өте еңбекқор ақын болғаны жұрт аузында аңыз болып айтылатыны белгілі. Мұны Оразақын Асқар да растады.

«Қадыр өте өнімді жазды. Басқа ақындар қаламсаппен, жазу машинкасында немесе компьютерде жазса, ол кәдімгі қарындашпен жазатын. «Өйткені өте ыңғайлы, тұрып та, отырып та, жатып та жаза беремін», - дейтін ол. Оның әдебиеттің әр түрлі салаларына арнап жазған, жіппен буылған, әлі жарық көрмей, тең-тең болып қатталған қолжазбаларын өз көзіммен көргенмін», - деді Оразақын Асқар.

Бүгінгі кеште Қазақстанға белгілі эстрада жұлдыздары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Қадыр Мырза Әлінің өлеңіне жазылған әндерді шырқап, жиналған жұртшылықтың ризашылығына бөленді.

Сонымен қатар, кеш аясында Ұлттық кітапханада Қадыр Мырза Әлінің өмірі мен шығармаларына арналған «Зерделі жырдың зергері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.