Кафедегі жарылыс: Оралда қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау болды

судья, суд, сот
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында «Rizyq» кафесіндегі жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау болды. 

Аталмыш кафеде жарылыс пен өрт салдарынан үш адам қаза тауып, тағы алтауы жарақат алған еді. Осыған орай кафені жалға алушы Меңдібек Уәлиевке ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігіне (екі және одан көп адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) сәйкес айып тағылды. 

Сот отырысында айыпталушының адвокаты Тамара Сәрсенова сараптама қорытындылары газ баллоны жарылысының нақты себептерін дәл анықтамағандықтан, аталмыш қылмыстық істі прокуратураға қосымша тергеу жүргізуге қайтаруды өтінді. Ол басқа адамдарды куәға тарта отырып, қосымша сараптама тағайындау керектігін, М.Уәлиевтің қылмыстық емес, әкімшілік құқықбұзушылық жасағанын айтты. Сонымен қатар М.Уәлиевтің асырауында кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін ескеріп, қамауда ұстау бұлтартпау шарасын үй қамағына ауыстыруды сұрады. 

Жәбірленушілер мен олардың адвокаты Ақгүл Қарасаева қорғау тарапының өтінішімен келіспеді. Судья Варвара Дмитриенко тараптарды тыңдай келе, адвокат Т.Сәрсенованың өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды.

Басты сот талқысы 19 маусым күнгі сағат 16.00-ге белгіленді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал кафесіндегі жарылысқа байланысты жалға алушының қамауға алынғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram