13:34, 07 Мамыр 2017 | GMT +5
Қаһарман бабаларымыздың арқасында біз әлеуетті мемлекетте өмір сүріп жатырмыз - Абаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды 7 мамыр - Отан қорғаушы күнімен құттықтады.
«Қадірлі Достар! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Орайлас келген қос мереке аясында Отанымыздың бүкіл тарихында ел қорғаған арыстарға құрмет көрсету, сондай-ақ қазіргі күні халқымыздың амандығын кірпік қақпай қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың парызы», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ, министр ел қорғауда қаһармандықтың ерен үлгісін көрсеткен бабаларымыздың арқасында біз бірлік пен келісім салтанат құрған әлеуетті мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды айтып өтті.
Құттықтау мәтінінің соңында ол қазақстандықтарға ақ тілегін арнады: «Қарулы Күштеріміздің айбыны асқақтай берсін! Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын».