«Қаһарына» мінген «Қайратты» әйгілі «Барселона» да тоқтата алмайды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қаһарына» мінген «Қайратты» әйгілі «Барселона» да тоқтата алмайды» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жалақы қарызы өтелді» деген материал берілген. Прокуратура қызметкерлері Атырау қаласындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуына, соның ішінде, жұмысшыларға уақтылы еңбекақыларын төлеу бойынша мониторинг жүргізді. Мониторингтің нәтижесінде мұнай және газ саласында қызмет жасайтын «Гюрал» серіктестігінде 79 жұмысшыға жалпы сомасы 24 млн.теңгеден астам еңбекақы төленбегендігі анықталды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, жалақының осындай ірі көлемдегі жиынтық сомасы жұмысшыларға өткен жылдың қараша, желтоқсан және биылғы қаңтар, ақпан айларында төленуі тиіс болған. Бұл факті Атырау қалалық прокурорының назарына алынып, оның ұйғарымымен аталған еңбекақы сомасы жұмысшыларға толығымен төленді. Сонымен қатар, Атырау қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде «АтырауБасЖоспар» ЖШС-мен 63 жұмысшыға жалпы сомасы 3,3 млн. теңге болатын жалақы қарызы да түгелдей өтелді.

Бас басылымда «Сайлау қорытындылары анықталды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда 2015 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындылары жарияланды. Облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы тізімдерге енгізілген 9 547 864 сайлаушының 9 090 920-сы немесе 95,21%-ы дауыс беруге қатысқаны белгілі болып отыр. Сайлаушылар дауысы жалпы республика бойынша төмендегідей бөлініпті: Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновқа сайлаушылардың 57 718 дауысы берілсе, бұл 0,64%-ды құрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа - 8 833 250 немесе 97,75%. Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовқа - 145 756 немесе 1,61%.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, уран өндірісінің табиғатқа, адам денсаулығына әкелер зардабын қалайша болдырмауға болады?

Кеше «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Алматыда өткен семинар-кеңесінде өткен жылы холдинг кәсіпорындарында еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық, ядролық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарға қорытынды жасалып, үстіміздегі жылға жаңа міндеттер белгіленді. Семинар-кеңесте бірінші болып сөз алған «Қазатомөнеркәсіп» ҰТК» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Ящин өткен жылғы қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты атқарылған іс-шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері 2013 жылмен салыстырғанда, 28 пайызға азайған. Ал 2014 жылы компания өндірістің қоршаған ортаға теріс ықпалын барынша азайтуға, су тазалағыш қондырғылардың тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға 1,19 миллиардтан астам теңге бөліпті. Бұл мақала «Радиациялық қауіпсіздік - басты назарда» деген тақырыппен жарияланды.

Осы басылымда «Қаһарына» мінген «Қайратты» әйгілі «Барселона» да тоқтата алмайды» атты мақала басылды.

«Бүгінгі таңда «Қайрат» әлемдегі ең белді командалардың біріне айналуы жоғарыдағы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Иә, бәзбіреулер «бұл ұжымның тең жарысынан астамы - бразилиялық футболшылар. Онда несіне қуанамыз?» деп айтуы да мүмкін. Бірақ бұл әлемдік спортта бар үрдіс. Бүгінгі таңда барлық белді команданың сапында легионерлер қаптап жүр. Бұл заманауи үрдістен қашып құтылу да мүмкін емес. «Қайраттың» сапында Дінмұхамед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Тимур Мұрзабаев және Ғалымжан Қосмұхамбетов сынды қандастарымыздың өнер көрсетіп жүргенін естен шығармаған жөн. Олай болса, алматылықтардың бұл табысы барша қазақстандықтарға ортақ деп айтуға барлық негіз бар», - деп жазады мақала авторы.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Успехи Казахстана видны даже из космоса» деген материал берілген. Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік экипажы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Геннадий Падалка, Михаил Корниенко және Антон Шкаплеров ғарыштағы салмақсыздық күйде біздің еліміздегі сайлау науқанын қызығушылықпен байқап отырған екен.

«Сайлау науқаны кезінде біз қонақжай қазақ жерінен сәтті ұшқан болатынбыз. Сіздің қуанышыңызбен бөліскіміз келеді. Сіздің еліңіздің бейбітшілік саясатты ұстанған тәжірибесі көптеген мемлекеттер үшін үлгі болды. Қазақстан ғарыштан жақсы көрініп отыр, бұл - қуатты, күшті әрі әдемі мемлекет», - делінген ғарышкерлер құттықтауында.