Каирдің бір орамы ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Мысыр астанасы - Каир мегаполисіндегі әл-Жамалия орамы ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін. Бұл жайында Umma-Inform агенттігі al-Ayam-ға сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Каирдің бір орамы ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін

Аталмыш қала орамының ислами ескерткіштермен аты шыққанын айта кету керек. muslim.kz сайтының жазуынша, Мысырдың көне жәдігерлер министрлігінің дерегі бойынша бұл жоба 8 млн долларға бағаланып отыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, аталмыш қала орамы аспан астындағы ашық мұражайға айналуы үшін мешіттер, күмбездер, мұнаралар, субұрқақтар қалпына келтірілуі тиіс. Мұндай мұражай Каирдің әл-Муизз ли Дин Аллаһ көшесінде де 2009 жылы ЮНЕСКО-ның атсалысуымен ашылғанын айта кету керек.

Бұл жобаны Кувейт пен Мысыр және Экономикалық даму қоры қаржыландырады. Осы мақсатта 1,2 млн доллар мөлшерінде қаражат бөлді.