Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Какау: Қазақстанның намысын қорғау - біз үшін абырой

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Камара Собрал (Какау) Сербияға қарсы өткен ЕУРО-2018 турнирінің ширек финалдық кездесуі жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Prosports.kz сайтына сілтеме жасап.

Какау: Қазақстанның намысын қорғау - біз үшін абырой

«Біріншіден, қарсыласымыз - Сербия құрамасын керемет өткен ойынмен құттықтаймын! Біз үшін өте қиын ойын болды. Екіншіден, Қазақстанды және менің шәкірттерімді бұл жеңіспен құттықтаймын! Бүгін олар өздерін жақсы жағынан көрсетті. Тайнан, Игита және Дугластар алаңда көп уақыт өткізді, демалмады десе де болады. Олардың арасынан, капитанымыз Дінмұхамбет Сүлейменовті ерекше атап өткім келіп отыр. Ол 36 жасында кіршіксіз ойын көрсетті. Құраманың жас ойыншылары Еуропа чемпионатында бірінші рет ойнағанына қарамастан, нәтиже жақсы», - деді ол.

Бас бапкердің атап өтуінше, сербиялықтармен ойында Қазақстан құрамасында бразилиялықтар ғана емес, жергілікті түлектер де доп тебе алатынын дәлелдеді.

«Түн ұйқысын төрт бөліп, бізге жанкүйер болған қазақстандықтарды құттықтаймын! Әр ойыншы, команданың әр өкілі сіздерге алғыс білдіреді. Бұл турнирде Қазақстанның намысын қорғау - біз үшін абырой. Екі рет қатарынан құрлықтың үздік төрт командасы қатарына еніп, тарихты қайта жазып отырмыз. Барлығына үлкен рахмет!», - деп түйді Какау.

Еске салайық, Словенияда футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды.

Какау жаттықтыратын қазақстандықтар ширек финалда Сербия құрамасымен күш сынасып, 3:1 есебімен жеңіске жетті. 

Ұлттық құраманың келесі қарсыласы Украина не Испанияның бірі болмақ. Финалдық бәсеке 8 ақпан күні өтеді.

Айта кетейік, қазақстандық футзалшылар 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, қола жүлдегер атанған болатын.