16:09, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
«Қақпан» операциясы нәтижелі аяқталды ? қылмыстық полиция қызметінің төрағасы
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде жасалған 45 қылмыстың 36-сы «Қақпан» операциясы барысында ізі суымай ашылды.
![None None](/static/img/plug.webp)
Сондай-ақ күдікті деген 96 азамат қамауға алынып, 9 ұйымдасқан топтың жолы кесілді. Қылмыстық топ өкілдері бұрын жасалған 42 қылмысты мойындады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, «Қақпан» операциясы қаңтардың 16-сы мен 23-і аралығында көлік ұрлықтарымен күрес мақсатында жүргізілген. «Аталмыш шарада біз бұрын көлік ұрлаумен айналысқаны үшін іздеуде жүрген қылмыскерлерді құрықтауға ден қойдық. Соның нәтижесінде 22 қашқын қылмыскер қолға түсіп, олардың барлығы да қамауға алынды. Тап осы мерзімде екі мәрте кісі өлтіріп, қашып жүрген Жақсығалиевті де құрықтаудың мүмкіндігі туды. Операция барысында бұрын ұрланған көліктерді табу мақсатында да көлемді шаралар атқарылды. Біз бұл іске ішкі істер саласының көптеген қызметкерлерін тарта отырып, қала сыртындағы көлік тұрақтары мен жекелеген үйлерді және саяжайлар мен коттедждерді араладық. Ұрланған көліктерді тығып ұстайтын жерлер негізінен осы аймақтар», дейді комитет төрағасы. Оның мәліметтері бойынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде іздеу салынған 55 көлік табылған. Ал Ақтөбеде Ресейден ұрланған 3 көлік ұсталды. «Бұл кең көлемді операция болғандықтан, оның барысында 300 киләдан астам есірткі заттары мен 2 тапанша да қолға түсті. Операция кезінде көлік ұрлықтары айтарлықтай кеміді. Бұл бағыттағы жұмыстармен біз алдағы уақытта да тұрақты айналысатын боламыз», деді С.Күсетов.