Қақтығыс аймақтарында қару ұстаған 100-ге тарта қазақстандық жүр- ҰҚК

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қақтығыс аймақтарында қолына қару ұстаған 100-ге тарта қазақстандық бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ҚР ҰҚК төрағасы орынбасарының атап өтуінше, бүгінде қақтығыс аймақтарында аймақтарында 300-ден астам қазақстандық байқалған, оның ішінде 100-ге жуығы қару ұстағандар қатарында. Ал қалған 250-ге тарта адамның арасында әйелдер мен балалар бар. Бұл адамдар Сирия, Ирак, Ауғанстан аумағында жүргені анықталды.

«Әйелдердің негізгі бөлігі қақтығыс аймақтарына өздерінің күйеулеріне еріп барған. Қақтығыс жерлерінде кейбір әйелдер осы соғыс процестеріне жұмылдырылғаны туралы мәлімет болды. Біз қылмыстық құқық тұрғысынан олардың іс-қимылын тиісті деңгейде бағалап отырмыз. Олар елге оралған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Н. Білісбеков ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Еске сала кетсек, биыл қаңтар айының басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасаған болатын.

Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қаңтар айының орта кезінде Алматыда террорлық актілер жасамақ болған топ мүшелерінің ұсталу оқиғасына қатысты түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар