Кальян туберкулез, қолқа және обыр дертіне соқтырады - Денсаулық сақтау министрлігі
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Кальян туберкулез, қолқа және обыр дертіне әкеп соқтырады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде «Кальян туралы шындық» атты дөңгелек үстелде елдің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.
«Денсаулық сақтау министрлігі кальянға қатысты экспресс-зерттеу жасады және оның алғашқы нәтижелері бізді таңқалдырды. Кальяннан ішек және көк іріңді таяқшалар, зең, ашытқыш саңырауқұлақтар, стафилококк ауреус табылды. Зерттеу әлі жалғасуда. Бұл жұмыстар 2000 жылдан бері өткізілуде. Халықаралық ақпараттық журналдарда жарияланған ғылыми еңбектерде аталып өткеніндей, кальян суында жоғарыда аталған бактериялардан бөлек, туберкулездың кох таяқшалары, гепатит вирустары бар екендігі анықталған», - деді Ж.Бекшин.
Бас санитарлық дәрігердің атап өткеніндей, қоғамдық орындарда, мейрамхана, дәмханаларда кальян дезинфекцияланбайды. Сондықтан оның қауіптілігі бірнеше есе жоғары болып отыр. «Кальянды қоғамдық орындарда тазалықта ұстап отыру тіпті мүмкін емес. Зерттеу бойынша, көпшілік отыратын жерлерде кальяндарды әрдайым зарарсыздандырылмайтындығы анықталды», - дейді Ж.Бекшин.
Оның айтуынша, қоғам арасында кальян суы түтіннің барлық зиянды элементтерін сүзіп отырады деген жалған түсінік қалыптасқан.
«Су сүзгі бола алмайды. Түтінмен келетін бензол, бензпирен, соның ішінде никотин сынды улы заттар органикалық болып табылатындықтан, суда мүлдем ери алмайды. Керісінше, кейбір микроорганизмдер сулы жерде тез дамып, көбейеді. Ал 600-650 градуста болған бұл заттар өкпенің ең терең тұстарына дейін жетіп, бауырды, өкпені, бүйректі, жүректі зақымдайды. Сондықтан біз кальянды адам денсаулығына зор зиян тигізеді деп есептейміз», - деп атап көрсетті ол.
Дөңгелек үстелде сарапшылар келтірген мәліметтер бойынша, сонымен қатар кальян түтіні ауыз қуысының шырышты қабықтарына терең еніп, ағзаның басқа да мүшелеріне тарайды. Денеге таралған консерагендер онкологиялық ауруларға әкеп соқтырады.