Қала әкімі Ахметжан Есімов А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкім оқушылардың жағдайымен, оқу процесімен кеңінен танысты. «Сіздердің өнерлеріңізді тамашалап, үлкен рухани ләззат алдық. Мен бүгін училище басшылығына, оқытушылар ұжымына, тәрбишілеріне ерен еңбектері үшін алғыс айтамын. Аты аңызға айналған осындай оқу орнында үлкен мәдениетке қадам басу - үлкен құрмет. Мұнда барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы бұл оқу орнын бағалайды және Қазақстанды әлемге танытатын өнер шеберлерінің осында дәріс алатындығын да жақсы біледі. Әлем сахналарынан көрініп, лайықты өнер шыңына көтерілулеріңізге тілектеспін», деді әкім Ахметжан Есімов.
Жетекші оқу орны өзінің 75 жылдығын атап өтуде. Училище түлектері әлемнің әр елінде өнер көрсетіп, балет өнерін дамытып келеді. Бұл ұжым түлектері Қазақстан балетінің негізін қалаған. Аталмыш училищеде «Өрлеу» атты Халықаралық байқау өтіп тұрады. Байқаудың атымен училище жанынан жақында театр ашылған болатын.