Қала арасында қатынайтын электр пойыздарында буфет ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық тасымалдаушының электр пойыздарында буфет ашылды. Жолаушылар енді жеңіл тамақтана алады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Буфет ашылды
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

№ 6829/6830 «Астана-Көкшетау» және № 6803/6804 «Астана-Атбасар» бағыттарында қатынайтын электр пойыздарында жолаушыларға жол барысында жеңіл тамақтануға арналған буфеттер ашылды.

«Буфет вагонында ыстық тағамдар қарастырылмаған, алайда жолаушыларға күнделікті қолжетімді бағамен жаңа піскен нан-тоқаш өнімдері, сусындар, жеңіл тағамдар, шоколад және ыстық сусындар ұсынылады. Бұл ассортимент жолаушыларға жол бойында жеңіл тамақтанып, сапарды одан әрі ыңғайлы өткізуге жағдай жасайды», — делінген хабарламада.

Буфет вагондары электр пойыздарының сапары кезінде жол бойы жұмыс істейді. Буфет вагонында бір жолаушыға арналған орташа чек, сусындарды қоса алғанда 700–1000 теңге шамасында болады.

Айта кетейік, № 6829/6830 «Астана-Көкшетау» және № 6803/6804 «Астана-Атбасар» бағыттарындағы электр пойыздарының жол жүру уақыты шамамен 4 сағатты құрайды.

 

Соңғы жаңалықтар