Қала күні қарсаңында жаңа журнал жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған басылым иелері, оқырмандар, журналистер және қаладағы салалық құрылымдардың өкілдерімен қатар, қосымшаның бетінде жарық көрген мақалалардың кейіпкерлері қатысты.
Астананың 11 жылдық мерекесіне орайлас шығарылған жаңа жұрналдың мақсаты - елордалықтар және елге танымал тұлғалардың елорданың дамуындағы орны мен рөлі туралы баяндау. Демек, журналдың жауапты мамандары «Астана плюсті» қаланың қаһармандары туралы басылымға айналдырмақ ниетте. Сондай-ақ алыс-жақыннан Астанаға ат басын тіреген мәртебелі меймандар, Астана туралы өзіндік пікірі бар һәм лебіз білдіргісі келетін елге белгілі тұлғаларға да жұрнал бетінен орын берілмекші.
Бас редактор Мақсат Тәж-Мұрат басылымның міндеті туралы айта келіп, Астананың дамуына, елорданың келбетін қалыптастыруға адамдардың үлесі мен рөліне баса назар аударылатынын еске салды. «Астананың өркендеу тарихындағы қала тұрғындары, атап айтқанда, қайраткерлер мен ел ағалары және танымал тұлғалар туралы жазылады» деді. Елордалықтардың Астана қаласының аты мен даңқына сай екенін оқырмандар осы басылымнан анық танитын болады. Сүйінші данада соған сай айдарлар аясында толымды дүниелер басылған. Мәселен, «Эксклюзив» айдары аясында әнші Нұржамал Үсенбаева жайында «Жұлдыз» ауруымен ауырған емеспін», «Егізек» айдарында ерлі-зайыпты боксшылар Қанат және Наргүл Әбутәліповтер туралы «Спортшыны өлтіретін - намыс» секілді мақалалар мен елордаға қатысты әрқилы дүниелер басылған.
Екі айда бір рет шығатын жаңа жұрналдың таралымы - 10 мың дана.
Алыс және жақын шет елдерге тарату көзделіп отырған басылымның оқырмандарға жеткізілуіне «Эйр-Астана», «Трансаэро», «Skat», «Қазақстан темір жолы», «Badisson» отелі мен «Арман» және «Азия» бизнес-орталықтары ықпал етпекші.