Қала күнінде некелерін қиған бірде-бір жұп ажыраспаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 38 жұп бір жерде некелерін қиды. «Жаппай үйлену» деп аталып кеткен мерекелік шараға биыл он жыл толып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала күнінде некелерін қиған бірде-бір жұп ажыраспаған

Бүгінгі шара барысында жас жұбайлар жүрек формасында жасалған мүсіннің астымен өтіп, «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде орналасқан ең биік тудың мінберіне көтерілді. Сол жерде өздерінің арман-тілектерін шарларға жазып, әуеге ұшырды. Мерекелік шара аясында сыйлықтар мен жүлделер ойнатылды. Бас жүлде - Түркия мен Бурабайға жолдама және теледидар. Жас жұбайлар дәстүр бойынша өздерінің арман-мақсаттарын 2008 жылдан бері сақталып келе жатқан тілектер кітабына жазды. Шара соңында АХАЖ қызметкерлері жас жұбайларға неке қию туралы куәліктерін табыстады. Некесін қиғандардың ішінде 68 жастағы тұрғын да бар.

«Биыл «жаппай үйлену» жобасына - 10 жыл. Осы уақыттың ішінде 500-ден астам жұп некелерін қиып, шаңырақ көтерді. Осы отбасыларында 2000-нан астам сәби дүние келді. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, осы уақыт аралығында дәл қала күні некелерін қиған бірде-бір жұп ажыраспаған", - делінген әкімдіктің ресми xабарламасында.

Бүгінгі шараға 10 жыл бұрын некесін қиған жұп та қатысты.