Қала күніне байланысты Алматыдағы бірнеше көше 4 күнге жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні тойланады. Осыған орай мегаполистің Астана алаңындағы бірнеше көше жабылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады. 

Қала күніне байланысты Алматыдағы бірнеше көше 4 күнге жабылады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қыркүйектің 12-сі мен 16-сы аралығында Төле би көшесінің бойы Панфилов көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін жабылады. Бұл аралықтағы Астана алаңында қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі.

– Түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, - деп хабарлады әкімдіктен.

Айта кеткен жөн, қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16:00-де «Астана» алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер – DJ Imanbek.

Сондай-ақ «Астана» алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады. Оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала күнінде қайда баруға болатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар