Қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесі құрылады - Парламент

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды.

Қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесі құрылады - Парламент

Заң жобасы негізінен ҚР Президентінің Жолдауларында жүктелген міндеттерді атқаруға бағытталған. Осы мақсатта елді мекендердің, инженерлік құрылыстардың және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі туралы ақпараттың жеделдігін қамтамасыз ету шаралары көзделеді. Бұл ретте мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін құру қарастырылып отыр. Бұнымен қоса, авторлық қадағалауды жүзеге асыру рәсімдерін реттеу және нысандар құрылысына арналған алдын ала жобалау құжаттамасының мерзімін белгілеу көзделеді.

Сонымен қатар, заңнамада жобалау алдындағы (жобалау-сметалық) құжаттамаға үш жыл мерзім белгілеу ұсынылған. Сондай-ақ, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретінен авторлық қадағалауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту функцияларын алып тастау көзделеді. Сонымен бірге, мемлекеттік қала құрылысы кадастрына әкімшілік етуді орталықтандыру мақсатында оны жергілікті атқарушы органның қарауынан сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорынның қарауына беру көзделген.

Бұдан бөлек, құжатта қала құрылысының жаңа жүйесі озық технологияларды пайдалана отырып, жекелей кәсіпкерлер мен халықты қолжетімді деңгеймен қамтамасыз ету қарастырылады. Ақпараттардың жеткіліктілігі түрлі рұхсаттама жүйелерінің соның ішінде, жер телімін беру, құрылыс салуға рұқсат беру, т.б. уақытын қысқартуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтан сақтандыратын жаңа жүйе. Бұл басқа да мемлекеттік ақпараттық базалармен бірге Электрондық үкіметтің құрамдас бөлігі болып табылады.