Қала құрылысы кодексін әзірлеу керек - Тасмағанбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат -Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ғани Тасмағанбетовтың айтуынша, қазіргі заңнаманы түзетпейінше сәулет және қала құрылысы саласындағы жемқорлық әрекеттері азаймайды, деп хабардайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің талдауымызға сәйкес, сәулет және қала құрылысы саласындағы жемқорлықтың басты себебі - қазіргі заңнаманың солқылдақтығы. Қолданыстағы «Сәулет және қала құрылысы туралы» заңның тікелей күші бар деп айтуға болмайды. Себебі оны іске асыруға арналған жүздеген нормативтік актілер қабылданған. Соның салдарынан көптеген жәйттер бір-біріне қайшы келеді. Ол заңнаманы халық та, инвесторлар да түсінбейді. Сондықтан біз Қала құрылысы кодексін әзірлеуді ұсынамыз. Ондай тәжірибе көрші Ресейде, Әзербайжанда, Эстонияда, Германияда, Украинада, Өзбекстанда бар. Грузия да осы жұмысқа кірісіп кетті. Бізге де қалмау қажет. Онымен біраз мәселелерді шешуге болады», - деді Тасмағанбетов бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен селекторлық жиналыста.
Оның айтуынша, Астанада сәулет және қала құрылысы саласына қатысты арыз-шағымдар жыл сайын көбейіп келеді.
Бүгінде кәсіпкерлер жер және қала құрылысы кадастарларын біріктіруді ұсынып отыр. Соның арқасында құжат рәсімдеуге кететін біраз шығындарды азайтуға болады.