Қала құрылысы кодексін қабылдау салаға ерекше серпін береді – Райымбек Баталов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қала құрылысы кодексін қабылдау салаға ерекше серпін береді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі қарсаңында кәсіпкерлердің орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала құрылысы кодексін қабылдау салаға ерекше серпін береді – Райымбек Баталов

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі қарсаңында кәсіпкерлердің орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков қала құрылысы кодексін әзірлеу қажеттігін айтты.

«Бірінші кезекте құрылыс саласындағы бизнес нарықтағы қазіргі жағдайды нақты ескеретін құжаттың қабылдануын күтеді. Өйткені «жаңа заман жаңа ережемен» жүруді талап етеді. Екіншіден, біз жаңа кодексте жазаның бұлтартпастығына кепілдік беретін нақты жауапкершілік шаралары жазылады деп күтеміз. Үшіншіден, Мемлекет басшысы айтқандай, бюрократияланған жүйеден шығып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайта аламыз», – деді ол.

Осы орайда «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов палата 2016 жылдан бастап қала құрылысы кодексін әзірлеу мәселесін көтеріп келе жатқанына назар аудартты.

«Қала құрылысы кодексін қабылдау туралы Мемлекет басшысы айтқан соң енді ешкім нормативтік-құқықтық актілерді өз мүддесі үшін түсіндіре алмайтынын, осылайша кәсіпкерлер үшін жасанды кедергілер жасалмайтынын түсінеміз. Біз жаңа құжатты қабылдау құрылыс саласы үшін ерекше серпін болады және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп күтеміз», – деді Райымбек Баталов.