Қала құрылысы сараптамасының бірыңғай институты енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аумақтарды кешенді дамытудың жаңа стандарттары әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала құрылысы сараптамасының бірыңғай институты енгізіледі

«Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі агломерацияларды дамыту жөніндегі тұжырымдама мен Заң жобасын әзірлеп жатыр. Біздің министрлік халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған Аумақтарды кешенді дамытудың жаңа стандарттарын әзірлейді», - деді министр.

Оның дерегінше, аталған стандарттарға қала аумақтарын кешенді дамыту принциптері; қалалық аумақтарды дамыту стандарты; бос аумақтарды игеру стандарты; қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты кіреді.

«Оған қоса барлық деңгейдегі қала құрылысы сараптамасының бірыңғай институты енгізіледі», - деді Бейбіт Атамқұлов.