19:08, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Қала құрылысын жоспарлағанда туындайтын мәселелер заңмен реттеледі
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған,
жер телімдерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар тарапынан көптеген ұсыныстар мен түзетулер келіп түскен. Оның барлығы жұмыс тобының отырыстарында және Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқылаудан өтті. Қорытынды салыстырма кестеге 77 түзету енгізіліп отыр. Палатаның аталмыш комитеті заң жобасы бойынша осындай қорытынды берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасымен еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Жер және Су кодекстеріне, «Мемлекеттік кәсіпорын туралы», «Шаруа қожалығы туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтыру енгізілді.
Заң жобасын қабылдау қала құрылысын жоспарлағанда, жер телімдерін бөлгенде, құрылысты жоспарлағанда және салғанда су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге және тәртіпке келтіруге бағытталған. Осы заң жобасын қабылдау қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жер телімдерін беруге тыйым салу және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен өзге де қала құрылысы құжаттамасы болмаса құрылысқа рұқсат беру жөнінде нормалар енгізу көзделген.