Қала құрылысында үнемді әрі әлеуметтік нәтиже беретін нысандар салынуы керек - сарапшы

«Қазақстанда қала тұрғындары жыл сайын шамамен 250 мың адамға өсіп келеді. Бұл өз кезегінде жалпы ел бойынша көрсеткіштен екі есе жоғары. Осы орайда бұл көрсеткіштің төрттен үш бөлігі еліміздің ірі қалаларына тиесілі. Аталған көрсеткіш жыл сайын Қызылорда, Орал, Қостанай сияқты қалаларды құрумен бірдей. Егер біз инфрақұрылымға қарайтын болсақ, онда қосымша қажетті инфрақұрылымға 1,1 трлн теңге керек болады. Бұл ретте жолдан бастап, мектеп, аурухана және басқа да нысандардың құрылысы қамтылуы тиіс. Осыған қажетті баспана көлемін қосатын болсақ, 1,7 трлн теңге шамасында қаражат керек. Бұл тұрғыда жалпы 3 трлн теңгеге жуық қаражат шығып отыр. Осы жағдай қалаларға миграциялық қысымды байқатады», - деді Е. Әукенов «Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы» атты дөңгелек үстел отырысында.
Оның пайымынша, тек ғылыми қадамдар еліміздегі қалаларда тұрақтылықты, олардың дамуы мен әл-ауқатының теңгерімін қамтамасыз етеді.
«Бұл тұрғыда құрылыс жұмыстарын әлеуметтік әрі экономикалық нәтиже беретін жерлерде жүргізу керек. Атап айтқанда, күніне 600 адамды қабылдайтын 30 млрд теңгеге спорт кешенін салудың тиімділігі төмен. Дәл сол 600 адам баратындай 300 млн теңгеге де, яғни 100 есе арзан қаражатқа да спорт кешенін салуға болады. Еліміздегі қалаларда осындай шешімдерге екпін қойылуы керек. Қаражат жағынан үнемді және елеулі әлеуметтік нәтиже беретін нысандар қажет», - деді Ерлан Әукенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда қалалар аумағын сапалы жоспарлау стандарттары енгізілетінін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесе Berekeli Bastama дауыс беру платформасы іске қосылады. Порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады. Жобаларды мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, ең үздіктері дауыс беру үшін порталда жарияланады.