Қала мен аудандардың барлығы бірдей ел дамуына атсалысып жатқан жоқ - Қостанай облысының әкімі
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінде біз әрбір қала мен ауданның мүмкіндіктерін бағамдап, облысты дамытудың ұзақмерзімді стратегиясын даярлап жатырмыз. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, облыстағы қала мен аудандардың барлығы бірдей индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына атсалысып жатқан жоқ. Оны екі жыл бойы жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстары көрсетті. Соның салдарынан аймақтың дамуында экономикалық тепе-теңсіздік байқалады. Оның басты себебі - дұрыс жоспарлаудың болмауы және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалана алмауы. «Осыған байланысты аймақтың әрбір саласын жандандыру мақсатында Қостанай облысының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы даярланып жатыр. Бұл жұмысқа ресейлік сарапшылар тартылып отыр. Біз әрбір қала мен ауданның жеке үлесін бағамдап шықтық. Болашақта сол стратегия бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деп атап көрсетті Н.Сәдуақасов.