Қала мен ауыл мәдениеті арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатыр - Мәдени саясат және өнертану институтының директоры

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қала мен ауыл мәдениетінің арасы алшақтап бара жатыр. Алматы космополиттік қалаға айналды. Онда жаһандану мәдениетінің элементтері басымдық алуда. Біздің негізгі мақсатымыз - мәдени алшақтықты реттеп, ақырындап болса да оны бір деңгейге келтіру және қазақ мәдениетінің құндылықтарын шетелге көрсету. Кеңес өкіметін құртқан «Битлз» тобы деген ұғым бар. Мұнда өздері келмесе де елдің бәрі оның әндерін тыңдады. Яғни, шекараны бірінші болып бұзған мәдени құндылықтар болды», дейді Мәдени сасат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров. Оның айтуынша, Кембридж университетінің кітапханасында өзге ұлттардың мәдениеті туралы жүздеген сөре бар. Онда осы бертінге дейін қазақтың ұлттық мәдениеті туралы бірде-бір кітап болмапты. Тек биылғы жылы іссапармен барған делегация мүшелері «Домбыра» деген кітапты тарту еткен. Енді оны біреу болмаса біреу алып оқитыны күмәнсіз. Сол себепті бұл олқылықты түзету үшін арнайы академия құрылып, қазақ мәдениетіне қатысты кітаптарды шет тілдерге аударып Оксфорд, Кембридж, Сорбона сияқты үлкен ғылыми орталықтарға жіберу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңадан ашылған «Тағылым» мәдени-интеллектуалдық клубына Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында тұратын Еркін Жанқұлиев тәрізді мәдениет қайраткерлері тартылмақ. Ол кісі ауылдық жердегі мәдениет ошақтары жабылып жатқан кезде 8 клубты сатып алып, оларды жөндеуден өткізіп 1997 жылы мемлекетке тегін қайтарған.