Қала шетінде қоқыс тау боп үйіліп жатыр - Астана әкімі құрылыс компанияларына шүйлікті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс компанияларының жауапсыздығы салдарынан қала шетінде жүзден астам қоқыс үйінділері жиналып қалған. Бұл туралы басшысы Астанадағы құрылыс жұмыстарының сапасы талқыланған кеңесте қала әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қараңыздар, қаламызда екі жүзден астам құрылыс компаниясы бар. Олардың тек 49-ы полигонмен (қоқыс полигонымен - авт.) келісімге отырған. Яғни, 150-і ол келісім жасамаған. Олардың қоқысты қайда тастап жатқаны белгісіз. Тіпті келісімге келгендердің өзі де қоқысты шығармайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан, қала шетінде табиғатқа залалын келтіріп жатқан жүзден астам қоқыс үйіндісіне «ие болып» отырмыз. Қайталамай-ақ қояйын. Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде ол туралы дәлелдер толып тұр», - дейді ол.
Осыған байланысты Исекешев жергілікті полиция қызметіне, экология департаментіне, қоршаған ортаны қорғау басқармасына тәулік бойғы мониторинг жүргізуді тапсырды.
«Бүкіл Астана бойынша құрылыс компанияларының барлығы қоқыс үшін бір жылда 55 миллион теңге төлеген. Олар үшін 55 миллион теңге деген не? Бір немесе екі пәтер ғана. Ал қаншама қоқыс қала сыртына шығарылып жатыр. Сондықтан, жұмысты күшейту керек. Менің түсінуімше, әкімшілік жауапкершілікке тартып жатқанымызбен, бұл шаралар тиісті дәрежеде әсер етпей жатқан секілді. Ендеше, компанияларға күн сайын айыппұл салу керек. Бұзушылыққа жол беру тиімсіз болатындай жағдай жасау керек. Қала сыртына шығыңыздар - қоқыс тау боп үйіліп жатыр. Тұрғын үй массивтерінің тұрғындарының шағымында шек жоқ. Сондықтан, аудан әкімдері, экология департаменті бұны қолға алу керек», - деді Әсет Исекешев.