Қала тұрғындарын балағаттаған жоқпын - Щучье әкімі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады

None
Видеодан алынған кадр: instagram.com/burabay_audanynyn_akimdigi
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетов әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы өткен есептік кездесуде қала тұрғындарына балағат сөз айтып, қорламадым деп ақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бурабай ауданы әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланған үндеуде Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетов қала тұрғындарының атына жағымсыз және балағат сөздер айтуға жол бермегенін мәлімдеді.

«Құрметті қала тұрғындары! Сіздерге үндеу жасап отырған мен, Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетов. Кеше Бурабай ауданы әкімдігі тікелей эфир өткізді. Онда мен Щучье қаласы әкімдігімен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы есеп бердім. Тікелей эфир барысында және одан кейін де менің тарапымнан тұрғындардың атына жағымсыз және балағат сөздер айтылмағанын хабарлаймын», - деді қала әкімі бейне үндеуде.

Бурабай ауданы әкімдігінен атап өткендей, қазіргі кезде осы мәселе бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Айта кетсек, Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетовтың Instagram желісінде өткізген тікелей эфирде тұрғындарды балағаттап жібергені туралы tirazh.kz басылымы жазған еді. Басылым жариялаған видеодан әкім көмекшісінің тікелей эфирді өшіруге әрекеті сәтсіз болғанын көруге болады.

«Трансляция аяқталғанға дейін Щучье тұрғындарынан әкімге сауалдар түсті, алайда Нұрмағамбетов оларға жауап бермеді. Баяндамасын оқып болған қала басшысы тікелей эфир аяқталды деп, желі қолданушыларына ұрса жөнелді. Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан халық алдындағы ашықтықтың орнына Олжас Нұрмағамбетов біз жариялай алмайтын басқа тілді қолданды», - деп жазады басылым.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қосшы тұрғындарының көбі елорда емханаларына жүгінуге мәжбүр екенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар