Елордадағы қалалық форумда әкенің қоғамдағы рөлі талқыланды

форум
Фото: Астана қаласының білім басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласының білім басқармасы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Әке тәрбиесі – ғасырға азық» атты қалалық форум өтті. Қоғамдағы әкенің рөлін айқындауды мақсат еткен жиында орамды ойлар айтылды. 

Форумды Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ашып, әке тәрбиесі арқылы салауатты қоғам қалыптастыруға, отбасы институтын сақтауға жол ашылатынын атап өтті.

Әкенің бала тәрбиесіндегі үлесін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын іс-шараға Мәжіліс депутаты Болат Керімбек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық белсенді әке төбе көрсетті.

форум
Фото: Астана қаласының білім басқармасы

Кеш барысында рекордшы спортшы, армрестлингтен әлем чемпионы, «Толағай» алыптар сайысы жобасының авторы Тимур Спатаев «Балаларды тәрбиелеудегі спорттың рөлі» тақырыбында әңгіме өрбітті. «Ерекше балаларды тәрбиелеу: ата-аналардың міндеттеріне жаңа көзқарас» тақырыбында Әлихан Бөкейхан атындағы Бином мектеп лицейінен қатысқан белсенді әке Самат Карин ой толғады.

Форумда қалалық «Әкелер қауымдастығы» бірлестігінің жыл бойы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, ұлттық тәрбиедегі құндылықтар айтылды. Ұсыныстар қаралды. Қалалық әкелер қауымдастығының төрағасы Бекдайыр Күзембай әке деген ұлы сөзге дақ түсірмеу кез келген ер азаматтың міндеті екенін атап өтті.

«Біз әке көрген, әкенің ақылынан ғибрат алған жандармыз. Бала күнімізде қандай да бір мәселе туындаса, аналарымыз «әкелерің біледі, әкелерің шешеді» деп отыратын. Әке қадірін шешелеріміз арқылы біліп отыратынбыз. Бізге: «Әкелеріңді сыйлаңдар, ол сендер үшін күндіз-түні еңбек етіп жүр», - дейтін. Қазір ой таразысына салып, саралай келе бұл сөздің астында қаншама мән-мағына, тәрбие барын түсіндік. Нағыз әке нан тауып қана қоймай, балаға да көңіл бөлуі керек. Қазір замана талабы, уақыт өлшемі, адамдардың көзқарасы өзгерген. Оны ешкімде жоққа шығара алмайды. Әкенің мейіріміне бөленбеген бала – ертең рухты, елін, жерін, ұлтын сүйетін азамат бола ала ма? Ондай ұрпақ ертең басқа біреуге жалтақтап тұрмай ма? Сол үшін әке түзде жүріп, үйдің де жайын ойлағаны абзал. Ешбір ата-ана баласын жаман болсын демейді. Бірақ, ата-анасы текті бола тұра, кей балаларымыз түзу жолдан тайып жатады. Сонда бұл қалай деген сұрақ туады. Оның жауабы былай екен. Баланың қалыптасуына ата-анасы, туған-туыс, достары, ұстаздары және ортасы әсер етеді. Ол қайсысын жанына жақын тұтса, қайсысымен көбірек уақыт өткізсе, мінез-құлқы да соған ұқсап кетеді екен. Ал, сіз балаңызға қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз? Әке, ана ретінде қашан ашық сырласып, пікірлестіңіз? Досы кім, қоршаған ортасы қандай? Міне, бұл – ойланатын мәселе», - деді ол.

Кеш соңында ҚР Ұлттық Ұлан ансамблінің солисі, №78 мектеп гимназиясынан келген белсенді әке Асхат Әмірғалиев «Әке» және «Әке туралы ой» әндерін шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар
telegram