Қалалық мәслихат депутаттарына басқарма бастықтары екінші жартыжылдықтағы жұмыстары туралы есеп берді

         АЛМАТЫ. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы қалалық мәслихатында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бастықтары мәслихат шешімдерінің орындалуы жөнінде есеп берді,

Қалалық мәслихат депутаттарына басқарма бастықтары екінші жартыжылдықтағы жұмыстары туралы есеп берді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Отырыс барысында екі басқарманың бастықтары биылғы жылдың 2-ші жартыжылдығындағы жұмыстары туралы да есеп берді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Владимир Меренковтың айтуынша, басқармаға биылғы жылы бюджеттен 57,0 миллиард теңге бөлінген. Өткен 9 айда бұның 99,5 пайызы немесе 44,9 миллиарды игерілген.Бұнымен қатар Республикалық бюджеттен 37,6 миллиард теңге бөлініп, ол 100 пайыз игерілген. Бұның ішінде метро құрылысына жұмыстар басталғаннан бері 98,8 миллиард теңге бөлінген, өткен 9 айда оның 16,6 миллиарды игерілген. Қазіргі кезде метро құрылысында алғашқы кезеңде аяқталуы тиіс, ұзақтығы 8,56 шақырымды құрайтын 3 стансыны  монтаждау-әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал жол құрылысы мен көпір құрылыстарына бөлінген қаржының 15,6 миллиард теңгесі игерілген. Жалпы құны 12,7 миллиард теңгелік 2 жол айырығының құрылысы аяқталу үстінде. Бұнымен қатар өткен 9 айда жергілікті бюджеттен шағын аудандарда жол салу, жөндеу үшін 7,5 миллиард теңге бөлініп, 97 пайызы игерілген. Ал «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 332 шақырымдық жол жөнделу көзделген. Бұл бойынша 272 шақырым жол жөнделген. Отырыс барысында мәслихат депутаттары жөнделген жолдардың сапасы, шағын аудандардың жолдарындағы жылдамдықты тежейтін кедергілер, қоғамдық көліктегі тәртіп мәселесін көтеріп, басқарма бастығына осыны түзету туралы ұсыныс жасады. В.Меренковтың айтуынша, қалада қазіргі кезде жолаушы тасымалдаумен айналысатын 24 жеке және 1 мемлекеттік мекеме бар. Олардың қарамағында 2000 автобус, 46 трамвай, 191 троллейбус бар. Бұлар 131 бағытта қызмет көрсетеді.  Отырыста есеп берген Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бастығы Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, биыл қала экологиясына бөлінген қаржы 5 миллиард 042 миллион 058 мың теңге болған. Бұлар өзендерді, саябақтар мен гүлзарларды, су бұрқақтарын қайта қалпына келтіруге жұмсалған. «Мемлекеттік және қалалық бағдарламалар уақытында жүзеге асырылуда», деген С.Мәкежановқа мәслихат депутаттары экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстар жасады. Мәслихат депутаттарының айтылған ұсыныстарының орындалуы қос басқарманың келер жылғы есебінде тыңдалатын болып шешілді.