Қалалық жастар қазақша сөйлемейінше, тіл мәселесінің шешілуі қиын - Мәденит министрі
АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Егер біздің жастарымыз әсіресе, қалалық жастар мемлекеттік тілде сөйлемейтін болса, бұл мәселеде біздің діттіген мақсатымызға жете қоюымыз қиын», деді бүгін Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында.
Министрдің пайымдауынша, соңғы уақытта әсіресе қала жастарының арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпыныс байқалады. «Мысалға эстрада саласын алып қарайық. Орыс тілінде ән айтатын көптеген қазақ әншілері қазақтілді өлеңдерге қатты қызығушылық танытуда. Олардың арасында тек қазақ тілінде ғана ән айтатын орыстілді қазақтар да бар. Қазақ тілінде сөйлеуге деген талпыныс теледидар арқылы көрсетіліп жататын Хит-ТВ сияқты бағдарламаларда да көрініс тауып жатады. Осы бағдарламаға қатысатын жастардың кейбірі мемлекеттік тілде сөйлеуге барынша тырысып бағады. Олардың қазақ тіліне деген шорқақтығы кей жағдайда байқалып қалып та жатады. Бірақ ең бастысы осы жастарда ана тілінде сөйлесем деген ниет бар», - деді министр.
Оның пікірінше, бұл жастарымыздың мемлекеттік тілге деген қызығушылығының артуы. «Тіл өте нәзік сала. Оны біреудің нұсқауымен үйрену мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік тілді білетін азаматтардың мәртебесі жоғары болуына қажетті жағдай жасау қажет», деді М.Құл-Мұхаммед.