«Қалам қуаты» атты 3-ші республикалық журналистік шеберлік байқауына өтінімдер қабылдау мерзімі 26 қыркүйекке дейін ұзартылды
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - БАҚ өкілдерінің өтініштеріне байланысты Ұйымдастыру комитеті «Қалам қуаты» атты 3-республикалық журналистік шеберлік байқауына өтінімдерді қабылдау мерзімін 2011 жылдың 26 қыркүйегіне дейін ұзартты, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, байқаудың негізгі мақсаты ҚР мұнай-газ саласының жетістіктеріне жұртшылықтың назарын аудару, Қазақстан мұнай-газ саласы компанияларының ақпараттық ашықтығы бойынша қызығушылығын арттыру, мұнай-газ тақырыбында қалам тербейтін еліміздің БАҚ-тары арасында адал бәсекелестікті қолдау, сонымен қатар бірыңғай медиа кеңістігі үлгісін жасау болып табылады.
Байқауға республикалық, облыстық және қалалық, аудандық газеттердің редакция ұжымдары, телерадиокомпаниялар, аймақтық және республикалық БАҚ-та жұмыс істейтін жеке ізденушілер - журналистер, (штаттағы және штаттан тыс қызметкерлер), сонымен қатар материалдары жарық көрген не болмаса теле- және радиохабарларында пайдаланылған басқа да авторлар қатыса алады.