Қаламгер Сапар Байжановты еске алу кеші өтті
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат - Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде публицист-ғалым, жазушы Сапар Байжановтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Университет баспасөз қызметінің атап өтуінше, жиынға қаламгердің әріптестері мен замандастары, шәкірттері, отбасы қатысып, оның аясында 50 жылдық журналистік ғұмырынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылған. Кеш барысында университет студенттері қаламгердің журналистік шеберлік қырларына терең бойлап, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алады.
Жарты ғасырға жуық қазақ баспасөзінде өнімді еңбек етіп, өзіндік журналистік мектебін қалыптастыра білген С.Байжанов 30-ға жуық авторлық және аударма кітаптардың, 300-ден аса мақала, очерк және эсселердің, пьесалардың авторы.
Қаламгердің «Жастық шақ - жауапты шақ», «Сыр мен сымбат», «Сұңқар көңіл самғайды», «Замандас туралы толғау», «Ұлыма хат», «Архив-айғақ», «Бес қиян-бес дәптер», «Ер еңселі ел», «Құштарлық қуаты», «Өткеннен мұрағат, өркенге ұлағат», т.б. публицистік кітаптары, «Ақ маржан», «Қияңқы тағдыр», «Әке», «Оқшау тағдыр», «Сағындым сені, Ләйлөк» сынды повестер мен әңгімелері, «Не дауа?», «Пікірталас», «Заңғарлар», «Кім әулие?», «Зар-запыран» атты пьесалары бар. Ол көрнекті армян жазушысы Грант Матевосянның «Керқұла» атты повестер мен әңгімелер жинағын, әйгілі композитор Евгений Брусиловскийдің «Дүйім дүлділдер» атты естеліктер кітабын қазақшаға тәржімалаған.
«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілген.