Қаламқастағы апат: Жедел штаб құрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаламқас мұнай кен орнында ұңғымадан шыққан газдың жануына байланысты жедел штаб құрылды. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаламқастағы апат: Жедел штаб құрылды

«Төтенше жағдай орнында Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ.Базарбаевтың басшылығымен жедел штаб құрылды. Өртті сөндіруге Маңғыстау облыстық ТЖД жеке құрамының 25 маманы мен 7 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған», - деді Н.Нұрахмет.

Бұған дейін «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-тың «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінен шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жететін жалын атқылап тұрғанын хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС жобалық тереңдігі 903 метрлік №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай орын алған еді.