«Қаламызға - таза ауа» акциясы аясында бірқатар өндіріс орындарына айыппұл салынды
АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Қаламызға - таза ауа» акциясы аясында ІІД Жол полициясы басқармасы ауаны ластауға қатысты 1456 автокөлік иесін әкімшілік жауапқа тартқан, оның 11-і қала сыртынан келетін автобустар.
Жалпы сомасы 4 млн 614 мың 552 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Батырбаев Алматыда өткен дөңгелек үстелде айтты.
Оның айтуынша, аймақаралық «Жетісу» көлік бақылау инспекциясымен 35 қоғамдық көлік орталығының техникалық ақауы тексерістен өткен. Оның 28-і қала ішіндегі бағыт бойынша жүретін автобус парктері болса, 17-сі қала маңынан келетін қоғамдық көліктердің парктері. Ереже бұзған жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік кодексінің 247 бабының 1 тармақшасы бойынша көлік және жылжымалы құралдарды пайдалануда шектен шығу, зиянды қалдықтарды ауаға мөлшерден көп шығарғаны үшін жалпы 51408 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ал, Балқаш-Алакөл экология департаменті өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындарды тексерген. «Тексеріс нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды заттарды тазалау құрылғыларының қосылмауы, өндіріс барысында шығатын қалдықтарға мән беру міндеттерінің орындалмағаны үшін 1 млн 186 мың 920 теңге көлемінде айыппұл салынды», -дейді ол.
Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша техникалық реттеу және метролоия комитеті жанармай құю бекеттерін тексерістен өткізген. «Тексеріс барысында «Қазақстан газпром мұнай» компаниясының екі жанар май құю бекеті өнім таратудағы міндеттерді дұрыс атқармай жатқандығы айқындалды. Мәселен, жанар май маркаларының сай келмеуі, өлшеу жүйесінің бұзылуы байқалған. Сондықтан заңды тұлғаларға 136080 теңге, ал екінші міндеттегі жеке тұлғаларға 66528 теңге көлемінде айыппұлдар салынды», -дейді М. Батырбаев.