«Қалай тамақтанасың, студент?» атты акция барысында елдегі ең үздік университеттік асханалар анықталды
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Студенттер «Қалай тамақтанасың, студент?» атты акция барысында елдегі ең үздік университет асханаларын анықтады.
Бұл туралы бүгін акцияның бастамашылары - Қазақстанның студенттер альянсы ұйымының жетекшісі Такан Гиззатов журналистермен болған кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, шараны ұйымдастыру барысында республикадағы 76 ЖОО-ның тамақтану орындары қаралды. Акция қорытындысында студенттер асханаларының жағдайы мен тамақтану талаптары сарапталды, асханалар мен буфеттердің рейтингілері жасалды.
Сараптамадан бөлек, студенттер арасында тамақтану саласына қатысты сауалнама жүргізілген болатын. Ол бойынша жауап қайырған студенттердің 32 пайызы ғана асханаларда тамақтануға материалдық жағдайы бар екендігін көрсеткен. Тәлімгерлердің 39 пайызы студеттік буфеттер жаңа заманғы талаптарға сай деп көрсеткен.
Сонымен ең үздік үштікке Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекетік университеті, Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті енді.
Сондай-ақ ҚСА мүшелері тамақтану талаптары төмен ЖОО-ның ондығын жасаған болатын. Айта кеткен жөн, бұл тізімге Астанадағы бетке ұстар 3 университет кірген.