Қалдықтарды есепке алу мен бақылау бірыңғай цифрлық жүйеге көшіріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қалдықтарды басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Құжат аясында барлық қалдық түрлерін түгендеу, цифрлық бақылауды күшейту және қайта өңдеу көрсеткіштерін арттыру көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов мәлім етті.
Оның айтуынша, Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстанда қалдықтарды басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген.
– Құжаттың негізгі мақсаты қалдықтарды басқарудың бірыңғай әрі цифрландырылған жүйесін қалыптастыру болып отыр. Тұжырымдама аясында 2030 жылға дейін радиоактивті қалдықтарды қоспағанда, қалдықтардың барлық түріне толық түгендеу жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірлердегі қалдықтардың қозғалысын бақылауға арналған ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Руслан Түкенов.
Айта кетейік, бұған дейін, Президент Іс басқармасында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілгенін хабарлаған едік.