Қалдыбай Қазанбаев Алматы қалалық Мәслихатының хатшысы болып сайланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Мәслихаттың VI шақырылымның алғашқы сессиясы өтті. Жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Қалдыбай Қазанбаев Алматы қалалық Мәслихатының хатшысы болып  сайланды

Шара барысында жаңадан сайланған депутаттарға төсбелгілер мен жеке құжаттар табысталды.

Сондай-ақ, Қалдыбай Қазанбаев Мәслихат хатшысы болып қайта сайланды.

Аумақтық сайлау комиссиясының басшысы Бақытжан Доспанов атап өткендей, депутаттар құрамының орташа жасы 48 болып отыр. Өткен жылғы құрамнан 4 жасқа жасарған.

Мәслихат құрамы 65 пайызға жаңарды.

«Қаламыздың дамуына тың серпін, жаңа идеялар керек. Алғаш рет мәслихатқа үш партия енді. Әйелдер саны жетеу. 8 ұлттың өкілдері енді. 30-ға толмаған екі депутат бар. Алматы жастардың қаласы болған соң, жастардың көп болғанынан қуанамыз», - деді өз сөзінде Б.Байбек.

Қала басшысы халық қалаулыларына Алматыны дамыту үшін әлі көп еңбектену қажеттігін баса жеткізді.