Қалдықсыз өндірісті дамытуға Астана әкімдігі тағы бір қадам жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада энергия үнемдеу жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың жаңа жүйесін енгізу көзделген. Биыл желтоқсан айында Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қала бойынша 100 жуық түрлі-түсті контейнер орнатпақ, деп хабарлады astana.kz.

Қалдықсыз өндірісті дамытуға Астана әкімдігі тағы бір қадам жасады

Белгілі бір түстегі контейнер қоқыстың жекелеген түрлеріне (пластик, қағаз, шыны, аралас қалдықтар және т.б.) арналады. Бұл жүйе қала тұрғындарына жақсы таныс. Бұған дейін Астана көшелерінде энергия үнемдейтін құрамында сынап болатын шамдарды жинауға арналған қызғылт-сары контейнерлер орнатылған болатын. Аталған жоба жалғасын табады және 2017 жылға дейін толық жүзеге асырылады. Қалдықтарды жинаудың жаңа жүйесін енгізу әлемнің көптеген мемлекеттерінде сәтті қолданылып жүрген қалдықсыз өндірісті дамыту қажеттілігінен туындап отыр. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар (пластик, қағаз және т.б.) жергілікті қоқыс өңдейтін зауытта қайта өңделіп, түрлі материалдар жасау үшін қолданылмақ.