Қалдықтар полигондарда алдын ала сұрыптаусыз және зарарсызданбай орналастырылуда - Н. Қаппаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізілген талдау еліміз бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) қалыптасуы көлемінің болжанған өсімін көрсетті.

Қалдықтар полигондарда алдын ала сұрыптаусыз және зарарсызданбай орналастырылуда - Н. Қаппаров

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасының жобасын таныстыру кезінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда ТҚҚ секторында күрделі жағдай қалыптасып отыр, яғни қалдықтар полигондарда алдын ала сұрыптаусыз және зарарсызданбай орналастырылуда.

Полигондардың көпшілігінде қызмет ету мерзімі аяқталған, сондай-ақ олар санитарлық талаптарға сәйкес келмей отыр. Бұған қоса бұл жерлер топырақ құрамын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда қалдықтар қалыптасатын орындарда ТҚҚ-ны бөлек жинау жүйелі деңгейде іске асырылмайды.

Н. Қаппаровтың айтуынша, орташа алғанда қалыптасқан ТҚҚ көлеміндегі екінші мәрте пайдалануға жарамды материалдық ресурстарда жыл сайын 500 мың тонна қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасс бар. Бұл өз кезегінде аталған ресурстарды екінші рет пайдаланудағы үлкен әлеуетті байқатуда.