Қалибек Хакім туралы естеліктер жарыққа шықты

АЛМАТЫ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қаламгер Әбілбашар Ілиясұлының құрастыруымен «Қалибек Хакім туралы естеліктер» деп аталатын кітап жарыққа шықты,

Қалибек Хакім туралы естеліктер жарыққа шықты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш кітап  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша «Білім» баспасынан басылып шыққан.Бұл жинаққа тарихшы ғалымдар мен Қалибек Хакімнің ұлы Хасен Оралтайдың жазған естеліктері енген.

Қалибек Райымбекұлы Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі болған. 1933 жылы Шығыс Түркістан құпия ұйымын құруға қатысқан. 1940-1946 жылдары Манас-Сауан ауданы халқының ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық жасап, Сауан ауданын азат еткен. 1946 жылы аудан әкімі болып тағайындалған. Сол жылы Шығыс Түркістан үкіметі «Халық қаһарманы» атағын береді. Кейін Шығыс Түркістан үкіметі коммунистер қуыршағы екендігіне көзі жеткен Қалибек оған бағынудан бас тартады. 1951 жылы бірінші ақпанда Қытай коммунистерінің тұтқиыл шабуылынан шегінген ол елін бастап, Такла-Макан шөлін кесіп өтіп, Тибет пен Гималай арқылы  1952 жылдың аяғында Үндістанның Кәшмір аймағына келеді. АҚШ елшілігі арқылы БҰҰ-мен байланыс орнатып, Түркияға көшуге рұқсат алады. Соңына ерген 200 түтіннен қалған 124 адамды 1954 жылы 29 шілдеде Ыстамбұл қаласына бастап барады. «Ұлт азаттығы үшін тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген алаштың асқақ рухты ұлы туралы қалған қызықты мағлұматтарды осы кітаптан оқысаңыздар болады», дейді құрастырушы.