Калифорнияда полиэтилен пакеттерін пайдалануға тыйым салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Калифорнияда бір реттік полиэтилен пакеттерді қолдануға тыйым салатын заң қабылданды, деп жазады The Sacramento Bee.

Калифорнияда полиэтилен пакеттерін пайдалануға тыйым салынады

2015 жылдың жазынан бастап пластик пакеттер азық-түлік дүкендерінен жойылады. Ал 2016 жылдың басына қарай олар барлық сауда орындарында айналымнан шығып, орнына қағаз қалташалар пайдаланылады. Саудагерлерге оларды 10 центпен сатуға рұқсат берілді.

Мұндай шешім Ұлттық коалицияның пластикалық пакеттерді шығарушылары арасында наразылық туғызды. Оның өкілдері шешімді қайта қарауға қол жеткізетіндерін мәлімдеді. Олар ол үшін референдум өткізу мақсатымен қол жинай бастады. Бірреттік өнім өндірушілеріне 2 млн. долларға дейін қарыз беруге уәде де берді.

Калифорния губернаторы Джерри Браун осындай шаралар бүкіл ел бойынша қабылданады деген үмітте. Атап өту керек, полиэтилен пакеттерге тыйым жалпы штаттың аумағында бірінші рет салынып отыр. Осыған дейін оларды заңсыз деп тек жекелеген қалаларда ғана жариялаған болатын.