Калифорниядағы орман өрті: қазақстандық стипендиаттардың жағдайы қалай
АСТАНА. KAZINFORM - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Калифорния штатында болып жатқан орман өрттеріне байланысты жағдайды мұқият бақылауда.
Қазіргі таңда Калифорния штатында 73 стипендиат білім алуда, оның ішінде 56-сы «Болашақ» бағдарламасының, ал 17-сі ғылыми тағылымдама бағдарламасының стипендиаттары. Барлығы аман-есен, кураторлармен байланыста.
«Стипендиаттар жергілікті билік органдарының ұсыныстарын орындап, жағдай туралы бізге жедел түрде хабарлап отырады. Біз университеттермен тұрақты байланыстамыз және кез келген өзгеріске жылдам әрекет етуге дайынбыз», – деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі.
Орталық барлық стипендиаттарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Төтенше жағдайларда Сан-Францискодағы Қазақстан Республикасының Консулдығына хабарласу қажет:
• Мекенжай: 456 Montgomery St., Suite 950 & GC-5, San Francisco, CA, 94104
• Байланыс телефондары: +1(650) 741-8894
• Электрондық пошта: [email protected]
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Джо Байден Калифорнияда орман өртіне байланысты апатты жағдай жариялады.