Қаллеки театры фестивальға барады

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы 2012 жылдың 24-27 мамыры аралығында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының 80 жылдық мерейтойына арнап  «Ізденіс іздерімен...»  атты экспериментальді спектакльдердің аймақтық фестивалін ұйымдастырып отыр.   
None
None

Аталмыш фестивальға  Астана қаласынан Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры  М.Әуезовтің «Айман - Шолпан» музыкалық комедиясының заманауи нұсқасымен қатысады.  Қойылым 26  мамыр күні сағат 18.30  да  Қарағандылық К.Станиславский атындағы орыс драма театрының ғимаратында болады.

Фестивальға ұсынылатын туынды - сәулеге толы, әзілмен әрленген әдемі музыкалық комедия. Аталмыш қойылымның ең басты ерекшелігі  заманның үрдісіне орайластырылып, жаңарғандығы. Шығарманың мазмұны өзгертілмей, тек оның сахналық берілу тәсілі өзгерді. Яғни қойылым М.Әуезовтің классикалық кейпінен алыстады. Демек, бұл қойылымның кейіпкерлері жаңа заманның бейнелері болып сомдалады. Атап өтсек, М.Әуезовтың класикалық кейіпкерлері  Айман мен Шолпан бүгінгі заманғы «олигархтың» ерке қыздарына,  Әлібек интеллигенция өкіліне, Арыстан мен Көтібарлар «жаңа қазақ» бейнесіне айналмақ. Жарас ди-джейдің, Теңге  «вамп әйелінің» бейнесінде көрініс табады. Қойылым әдеттегідей ән мен биге толы болғанымен, оның көрерменге жеткізу тәсілі заманның тынысына орайластырылып, өзгертілген.

М.Әуезов халық ауыз әдебиетінде қазақ қызы Айманның бейнесі арқылы ізет-инабатты, кең пейілділікті, тапқырлықты, күш-қайратты суреттеген еді. Сондай-ақ, көрермен бұрынғы қойылымдардан оқиға желісімен қатар, қазақ халқының салт-дәстүріне қарап, классикалық әуендерін тыңдаған болатын. Ал бұл қойылымда көрермендер айтыстың, бидің бүгінгі өзгерген стилін тамашалай алады. Себебі қойылымдағы әндер жаңадан жазылған. Оның композиторы  Қайрат Тоқымбетов.  Ең бастысы көрермен көпшілік қойылымнан бүгінде махаббаттың құны әлі де жоғары екендігіне көз жеткізеді. Себебі қойылым барысында кейбір кейіпкерлердің махаббаттан дүниеқұмарлықты жоғары қоятын кертартпа мінездері күлкіге айналады.

Соңғы жаңалықтар