«Қалталы қазақтар Лондонға көшіп жатыр» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Елімізде алдағы жылдарда электр қуатының тапшылығы үлкен проблемаға айналатындығы жасырын емес. «КЕГОК» ұлттық компаниясының болжамы бойынша, 2020 жылға таман елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі екі есеге дейін артады. Қазірдің өзінде электр энергиясын өндіру көлемі оның тұтыну мөлшерінен біршама төмен. Мәселен, 2011 жылдың қорытындысы бойынша елімізде тұтастай алғанда 86,2 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, жыл ішінде оны тұтыну көлемі 88,1 миллиард кВт/сағат болған. Міне, осы мәселелерді түбегейлі зерделей келіп, Үкімет елімізде электр энергиясы саласын 2020 жылға дейін, болашақта 2030 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасын белгіледі. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырыста көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Халықтық IPO» бағдарламасы бастау алды» аттытақырыппен берілген мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, кеше «Қазақстан» Орталық концерт залында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс XVI съезі болып өтті. Съезге «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов басшылық жасады.Конференция жұмысына бастауыш партия ұйымдары делегаттары, министрліктердің жауапты қызметкерлері, қаладағы аудандардың әкімдері, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, Астана қаласының мәслихат депутаттары, жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау комитеті, қалалық және аудандық бақылау-тексеру ұйымдарының комиссия мүшелері қатысты. Жиында тұрғындарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту сияқты маңызды мәселелер қаралды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңа міндеттер белгіленді» атты мақаладан оқыңыздар.
***
Өткен жылы шетелдерден жылжымайтын мүлік сатып алғысы келетін қазақстандықтардың саны біршама өскен. Бұл туралы Kapital.kz порталындағы сұхбатында Invest Realty компаниясының директоры, «Казақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының» вице-президенті Аида Есмағамбетова мәлімдеді. Қалталы қазақтардың Қазақстанды жерсінбей, шетелдерге кетіп жатқаны құпия емес. «Әлемдік қаржы дағдарысы басталған жылдары теңіз жағалауынан вилла сатып алушылардың қатары біраз азайған болатын, ал былтырдан бері жылжымайтын мүлік саудасы қайта жандана бастапты. Шетелде артық капиталды ең алдымен жылжымайтын мүлікке салады, сондықтан Қазақстанда қалтасы қалың қазақтардың көбейгенін мақтана айтуға болатын шығар»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында жарияланған «Қалталы қазақтар Лондонға көшіп жатыр» атты материалда.
***
Алматы облысының диқандары көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті аяқтап қалды. Егін шаруашылығын қолдау үшін қазынадан 2,8 млрд. теңге қаражат бөлінсе, оның ішінде жергілікті бюджеттен 2,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге байланысты қаржы институттарына сомасы 39,2 млн. теңге көлеміндегі несиелер алуға 13 өтінім беріліпті. Биыл көктемгі егіс науқанына облыс бойынша барлығы 40 мыңға жуық шаруашылық құрылымдары қатыспақ. Елбасының егістікті әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, үстіміздегі жылы барлық егіс көлемі өткен жылғыдан біршама арттырылып, 909,3 мың гектарға жеткізілді. Оның құрылымында соңғы жылдары өзінің тиімділігін байқатқан дақылдардың алқабы ұлғайтылмақ. Бұл мәселе «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Тиімді дақылдарға ден қойды» атты тақарыппен жарық көрді.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Бурабайдың көз жасын кім құрғатады» деген мақала басып, үлкен мәселе қозғады. Басылымның жазуынша, тиыннан теңге құрап, бір ақшасын екі етпек болған қалталылар туристік кластердің көмегімен миллиондаған доллар пайда тапса да, түбіне түскен түйір ине де көрінетін көлі мен тұмса табиғатының жағдайына еш елеңдер емес. Жыл сайын миллиондап оталып жатқан ағаштар, сол fғашта тірлік кешкен аң-құс пен өсімдіктер дүниесінің орнына тұрғызылып жатқан виллалар мен коттедж үйлер, сауықханалар мен казинолар көңіл көтеру орындарынан түскен сома алпауыт компаниялардың қалталарына сүңгіп жатыр. Бурабайдың сұлу өлкені тек ақшаның көзі деп қараған бұл адамдар оның экологиясы мен тазалығын мүлдем естен шығарып алған сыңайлы.
***
Осы басылым бүгінгі санында тағы бір маңызды мәселеге қалам тартты. «Жастар саясатына қатысты бұған дейінгі заң да, өзге де құжаттар өте ебедейсіз болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Оған дәлел - қоғамның негізгі тірегі, елдің ертеңі саналатын жастардың алдынан кесе-көлденең шыққан проблемаларды еңсере алмағандығы. Жастардың негізгі мәселелерін реттей алатын, қазіргі заманның талаптарына толықтай жауап беретін заң қажеттігі кезек күттірмес мәселе»,-деп жазады «Алаш айнасы». Аталған заң нендей мәселелерді қамтуы керек? Бұл туралы «Жастар саясаты туралы заңға түбегейлі өзгеріс қажет» атты мақалада жазылған.
***
«Как улучшить бизнес-климат». «Казхстанская правда» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, елімізде бизнеске қолайлы жағдай жасау Елбасының мемлекет алдына қойып отырған басым бағыттардың бірі. Оны жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы да қазір бірқатар бағдарламалар жасап, игі бастамалармен шығып жүр. Қазақстанда бизнеспен айналысуға қолайлы шарттар қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Орталық аппаратында осы жолы өткен дөңгелек үстел отырысында Үкімет пен Парламенттің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың даму институттары мен бизнес бірлестіктерінің өкілдері кәсіпкерлік қызметін жетілдіруге қатысты мемлекеттік орган өкілдерінің нендей шаралар атқарып жатқандығын ортаға салды. Сондай-ақ онда бизнестің бүгінгі қоғамда еркін әрекет етуі үшін қандай нормативті актілер қабылданды, олар жағдайды оңалтуға септігін тигізе алды ма? деген сыңайдағы әңгімелерді де сөз етті.