Қалың қар Словакиядағы көлік қозғалысын тоқтатты

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен түнде Словакияда жауған қалың қар көптеген жерлерде автомобиль және теміржол қозғалысын тоқтатты. 25 см қар жауған Словакияның астанасында күрделі жағдай орнады. Көлік жолдарының көбінде үлкен жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлайды.

Қалың қар Словакиядағы көлік қозғалысын тоқтатты

Братислава билігі көшелерді тазарту үшін ауыр техниканы шығаруда. Жолдардағы қозғалыс проблемалары сондай-ақ Нитра және Попрад қалаларында тіркелді. Аймақтардан қардың салдарынан құлатылған ағаштар мен электр тасымалдау желілерінің үзілуі туралы хабарлар келіп түсуде.

Синоптиктердің болжамынша, қар бүгін күні бойы жауады. Бұл ретте жауын-шашын көршілес Чехияға да өтеді, онда екі күннің ішінде 30 см қарға дейін түсуі мүмкін.