«Қалжат» кеден бекетінде ұсталған көліктегі тауарлар жалған транзит болып табылады - кедендік бақылау департаментінің бастығы

АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпанның 8-і күні жедел-іздестіру шаралары кезінде «Қалжат» кеден бекетінде ұсталған көліктерде жалған транзиттік тауарлар анықталды.

«Қалжат» кеден бекетінде ұсталған  көліктегі тауарлар  жалған транзит болып табылады  - кедендік бақылау департаментінің бастығы

Оны Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек Артықбаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент бастығы айтуынша, кеден бекетінде жалпы КХР-дан Қырғызстанға тауар тасымалдаушы «Транс Стандарт» ЖШС, «Азия Тракт» ЖШС, «М-нефте-Сервис» ЖШС компанияларына тиесілі 54 көлік ұсталған. Тексеріс барысында алғашқы көліктің жүк бөлігінен құжаттарда көрсетілген 7 түрлі тауарлардан бөлек, қосымша 11 тауар түрі табылды. Сонымен қатар, тауарлар орын санына сәйкес келмейді. Халық тұтынатын тауарлар тиелген автокөліктердегі тауарлардың түрлері мен бағалары да тасымалдаушылар берген мәліметпен сәйкес келмейтінін көрсетті. Аталған автокөліктерді тексеру бүгінге дейін жалғасуда.

«Департамент жоғарыда көрсетілген автокөліктерге ҚХР-да экспортты кедендік рәсімдеу кезінде ұсынылған кедендік декларацияларды және тауарға ілеспе құжаттарды беру өтінішімен Үрімші кеденіне сұрау салған болатын. Бұл Қытай кеденімен арадағы өзара қарым-қатынастың тарихындағы осы сипаттағы алғашқы құжаттар болып отыр. Ондағы мәліметтерге қарап отырсақ, ұсталған автөкөліктерге тиелген тауарлар Қырғызстанға емес, Қазақстанға экспортталған. Тауарларды қабылдап алушылар қазақстандық кеденде ұсынылған құжаттарда көрсетілгендей Қырғызстанның емес, Қазақстанның азаматтары болып шықты. Сондай-ақ, тауар туралы мәліметтер де тасымалдаушылар Қырғызстанға транзитке өтініш берген кездегі көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмейді», дейді Құрманбек Жуасұлы. Оның сөзіне қарағанда, бұл тауар Қазақстанға жалған құжаттармен және кедендік төлемдер мен салықтан жалтару мақсатында «транзит» режимін қолдану арқылы тасымалдануы мүмкін деген күдікті нақтылай түсті. Мұндай әрекет ҚР Қылмыстық Кодексінің 209-шы бабымен экономикалық контрабанда ретінде бағаланады. Көліктегі тауарлар Қырғызстанға транзиттеледі деп көрсетілгенімен, ақиқатында қазақстандық қабылдап алушыларға арналған жалған транзит болып табылады. Кедендік төлемдер мен салықтарды төлеусіз Қырғызстанға тасымалданған бұл жүктер ол жақтан заңсыз жолмен Қазақстанға кері жеткізіледі.