Камал Қармысов өз бақытын театрдан тапты - Сәбит Оразбаев
АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Камал Қармысов сатиралық бейнелердің хас шебері еді Бұл туралы бүгін Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы «Театр көктемі-2013» фестивалінің ашылу рәсіміне арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
«Бұл фестиваль биыл КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Камал Қармысовтың 100 жылдығына арналып отыр. Камал өз бақытын театрдан тапқан актер. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сияқты сахнадағы серіктерінің айтуынша, ол өте елгезек, бәрін тез қабылдайтын қағылез және жады да өте мықты болған. Ол актер үшін таптырмайтын қасиет қой. Бір ерекшелігі, сахнада салмағы жердей, арманы аспандай боп кететін», - дейді Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев. Оның айтуынша, өзінің әйгілі замандастарынан кем болмаған ол туа біткен қабілетімен жарқырап көріне алды. Мәселен «Қозы Көрпеш Баян сұлудағы» Жантықтың рөлін тұңғыш сомдаған Камал Қармысовтан әлі күнге дейін ешкім асырып ойнай алмауда.