Камал Смайыловтың мұрасы мәңгі жасай берсін - Мәулен Әшімбаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист, қазақтың біртуар азаматы Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев фейсбуктегі парақшасында лебіз білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Камал Смайылов – ұлтымыздың руханияты мен мәдениеті үшін ұлы істер атқарған дара тұлға. Бүкіл ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған ағамыз қазақ әдебиеті мен журналистикасын және киносы мен телевизиясын дамытуға зор еңбек сіңірді»
, - деп жазады Сенат Спикері.
«Қазақфильм» киностудиясына басшылық жасаған жылдарда ұлттық кино өнерін бұрын-соңды болмаған жаңа биікке көтергеніне тоқталып, сол кезеңде «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште» сияқты көптеген шедеврлер жарық көргенін еске алады.
«Камал Сейітжанұлы қандай қызметте болса да ұлтжандылығымен және табандылығымен танылды. Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы бола жүріп, қазақ тіліндегі хабарлардың санын да, сапасын да арттыруға баса мән берді. «Қымызхана», «Тамаша», «Алтыбақан», «Айтыс» сияқты төл құндылықтарымызды дәріптейтін жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.
Камал ағаның жетекшілігімен түсірілген Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин және тағы басқа батырларымыз туралы деректі фильмдер бүгінде қазақ телевизиясының алтын қорындағы қымбат қазыналардың бірі болып саналады», - дейді Мәулен Әшімбаев.
Камал Сейітжанұлының Тәуелсіздік алған тұста Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде егемен еліміздің еңсе тіктеуіне де үлкен үлес қосқанын атап өтті.
«Үнемі елдік мәселелерді назарда ұстап, қайраткерлік пікірін білдіріп отырды. Шерағаңмен жазысқан хаттарының өзі халық пен билік арасындағы алтын көпірдің озық үлгісі екені сөзсіз»
, - деп жазған.
Өмірінің соңына дейін ізінен ерген жас буынға жол көрсетіп, шәкірт тәрбиелеген, елі үшін еселі еңбек еткен осындай ерен тұлғаның өнегелі өмірін кеңінен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз екеніне назар аударады.
«Мұндай қадам жас буынды отаншыл, ұлтжанды болуға тәрбиелейтіні анық. Сондықтан, алдағы уақытта бұл бағытта игілікті істер көптеп қолға алынады деп сенеміз. Камал ағамыздың рухы шат болсын, мұрасы мәңгі жасай берсін!»
- деп түйіндепті Сенат Төрағасы.
Еске сала кетсек, Мәулен Әшімбаев Арал мәселесін халықаралық алаңдарда бірлесіп ілгерілетудің берері мол екендігін айтқан болатын.