Камала Харрис Американы қалай басқаратынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Чикагодағы АҚШ Демократиялық партиясы ұлттық съезінің соңғы күнінде Камала Харрис президенттікке кандидат номинациясын ресми қабылдап, өзінің бүкіл саяси мансабындағы ең маңызды сөзді сөйледі, деп жазады ВВС.

камала
Фото: x.com/VP

Харрис америкалықтарды алдағы сайлауды партияның қалауына қарамастан «күйінішті жеңіп, алдағы жолды айшықтаудың құнды мүмкіндігі» ретінде пайдалануға шақырды.

«Бүгін кешке бізді әртүрлі саяси көзқарастағы адамдар бақылап отыр. Мен барша америкалықтар үшін президент болуға уәде беремін. Бізді ең жоғары ұмтылыстарымыздың айналасында біріктіретін президент боламын. Басқаратын және тыңдайтын президент», — деді ол.

Харрис сонымен қатар республикашыл Дональд Трамптың Ақ үйге оралуының қауіпті салдары туралы ескертті.

«Біз Трамптың екінші мерзімінің қандай болатынын білеміз. Мұның барлығы „Жоба 2025“ құжатында көрсетілген. Көп жағдайда Дональд Трамп үстірт ойлайтын ұшқалақ адам. Алайда оның Ақ үйге оралуының салдары өте ауыр», — деді АҚШ вице-президенті.

Оның айтуынша, Трамп елді кері тартуға тырысады.

«Бірақ біз өткенге оралмаймыз», — деді ол бірнеше рет.

«Елімізді шын сүйемін. Қайда барсам да, кіммен кездессем де, алға жылжуға дайын, келесі қадамға және Америка деген керемет сапарға дайын халықты көремін», — деді ол.

Харристің сөзі төрт күндік конгрестің шарықтау шегі болды. Осы уақыт ішінде іс-шарада қазіргі президент Джо Байден, Билл және Хиллари Клинтон, Барак пен Мишель Обама, Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси және Харристің президенттік бәсекедегі серіктесі Тим Уолз сөз сөйледі.