Қамаудағы 1 күн 4 сағаттық қоғамдық жұмысқа тең: Мәжілісте заң жобасы қаралды

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Kazinform.

қоғамдық жұмыс
Фото: pixabay.com

«Заң жобасын 2 негізгі бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағытта «Қоғамдық жұмыстарға тарту» әкімшілік жазасының жаңа түрін регламенттеу және оны орындау тетігін айқындау ескерілген.

Екіншіден, әкімшілік-деликттік заңнаманы одан әрі жетілдіру қарастырылған. Қазіргі қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдану қылмыстық заңнама аясында жүзеге асырылып отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 43-бабына сәйкес, қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. ҚР Қылмыстық-атқару кодексі 24-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, түзеу жұмыстары, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі пробация қызметі орындайды.

Осылайша, қазіргі кезде пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қылмыстық құқық бұзушылықтар аясында жазаның осы түрін іске асырып жатыр. Өз кезегінде заң жобасында «қоғамдық жұмыстарға тарту» түрінде әкімшілік жазаны қолдануды іске асырудың ұқсас тетігі ұсынылып отыр. Алайда жазаның осы түрін орындауды жергілікті атқарушы органдарға бекітуді ұсынамыз», – деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Айтуынша, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар құрамдары (11 бап және 19 құрам) бойынша «қоғамдық жұмыстарға тарту» жазасын қолдануға болады деген шешім жасалды.

Осы ретте мына баптар ескеріліп отыр:

  1. 73-бап. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер;
  2. 73-1-бап. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру;
  3. 73-2-бап. Ұрып-соғу;
  4. 434-бап. Ұсақ бұзақылық;
  5. 434-2-бап. Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау;
  6. 440-бап. Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу;
  7. 443-бап. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау;
  8. 449-бап. Қоғамдық орындарда тиісу;
  9. 615-бап. Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзу;
  10. 653-бап. Сотты құрметтемеушілік
  11. 669-бап. Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындау.

«Заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер аясында «қоғамдық жұмыстарға тартуды» қолдану тетігін тиісті түрде жүзеге асыру ұсынылады. Қоғамдық жұмыстардың түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар сот қаулысы келіп түскен сәттен бастап құқық бұзушыны шақырады, оның жеке деректерін толтырады, оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарды орындау үшін ұйымға хабарлама жібереді, қоғамдық жұмыстарды орындау кестесі мен кезеңділігін жасайды. Бұдан бөлек, қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы ішкі істер органдарын хабардар етеді. Өз кезегінде ұйымдар орындалған жұмыстардың актілерін жасайды, жұмыс істеген сағаттардың табельдерін жүргізеді, тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп береді», – деді вице-министр.

Спикердің сөзіне қарағанда, қоғамдық жұмыстар халыққа пайдалы жұмысты ескеріп отыр. Оның мақсаты – құқық бұзушыны еңбек арқылы «тәрбиелеу» және қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаға, басқару тәртібіне қол сұғатын қайталама әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу.

«Тиісті формула қарастырылған. Бір күн қамауға алу жазасы 4 сағаттық қоғамдық жұмысқа тең болады. Мәселен, отбасында жанжал жасағандарды 5 тәулікке қамау қарастырылған. Аталған формула аясында бұл адамдар 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жалпы, заң жобасы әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан бұл көрсеткіштер өзгеруі де мүмкін», - деді А.Мұқанова.