Қамбарата стансасының құрылысына Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» атсалысады
Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтылған.
«Жобаны іске асыру бойынша қазақстандық тараптың негізгі орындаушылары - Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ болып белгіленді. Министрлік өз құзыреті шегінде жобаны іске асыру жөнінде ұстаным жолдады. Осылайша, қазақстандық тараптың Жобаны іске асыруға қатысуының басты мақсаты Сырдария өзенінің бойын тұрақты сумен қамтамасыз ету және ағыстың төменгі жағындағы аумақтардың су шаруашылығы қызметін қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, жобаны іске қосу Тоқтоғұл ГЭС жұмыс режимін энергетикалықтан суаруға кезең-кезеңімен көшіруге мүмкіндік беруі тиіс, бұл вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлерін сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп жазады вице-министр Серікәли Мұқатаев.
Ал Энергетика министрлігінің дерегінше, жоба қолға алынбас бұрын оның шартын үш мемлекет те өз ішінде ратификациялауы тиіс.
«Жобаны іске асыру Қырғыз Республикасындағы Тоқтоғұл СЭС-ін ирригациялық режимге ауыстыру арқылы өңірді сумен қамтамасыз етуді тұрақтандыруға және Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны табысты іске асыру үшін тараптар үкіметаралық келісімге қол қою мәселесін пысықтауда, ол келісу мен ратификациялаудың қажетті мемлекетішілік рәсімдерінен өтеді», - делінген Энергетика министрлігінің жауабында.
Фото: earthpossible.com